RU
Толық нұсқаға өту

Сыр бойында жүгері алқаптары көбейді

10.09.2026, 08:15 43

Қызылорда биыл жүгеріні көптеп екті. Есесіне, күріш алқабы 10 мың гектарға қысқарды. Себебі күрішке су көп керек. Ал жүгері аса бапты қажет етпейді, тез жерсінеді. Шығымы да жақсы. 

«Жалпы биылдыққа су үнемдеу технологиясының арқасында егістік судан таршылық көрген жоқ», - дейді мамандар.

Өңірдегі жүгері алқаптарының бірі – Телікөл ауылында. Үш жыл бұрын егін көлемі 280 гектар еді. Бүгінде бұл аумақ мың гектарға жетті. Алқапта тамшылатып суару әдісі қолданылады. Нәтижесінде өнімділік жыл сайын артуда. Былтыр әр гектардан 100 центнер өнім жиналды. Биыл 130 центнерге жеткізу жоспарланған.

Сәкен Шағыртаев, шаруа қожалығының өкілі:

- Жабайы жер болып кеткен. Яғни тазалау жұмыстарын жасадық, екі жыл 1000 гектар жерге. 160 километр жер қазып, 165 километр труба көмдік осы жердің астына. Күріш дақылына қарағанда бұл жер 30 пайызға үнемделінеді су.

Қазалы ауданында су үнемдеу технологиясы жаппай қолданылады. Биыл мұндай әдіс енгізілген алқап көлемі 300 гектарға артып, 1500 гектарға жетті. Оның 470 гектарына жүгері егілді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл алқапта 269 гектар жерге жүгері егілген. Оны заманауи жаңбырлатып суару технологиясы арқылы өсіруде. «Бұл технология кәдімгі арықпен суарғанға қарағанда, 4 есеге дейін тіршілік нәрін үнемдейді», - дейді мамандар.

Дастан Садықов, агроном:

- Ұялы телефон арқылы суару режимі мен мөлшерін реттеп, топыраққа орнатылған датчиктер көмегімен оның тұздану деңгейі мен ылғалдылығын үздіксіз бақылап отырамыз. Сонымен қатар метеостанция деректеріне сүйеніп, ауа райын алдын ала болжай аламыз. Бұл Қызылорда өңірінің аптап ыстығында өнімнің күйіп кетпеуі  үшін егінді уақытылы суаруға мүмкіндік береді.

Асылжан Жарылқасынов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жыл сайын аймақта вегетациялық кезең осы су тапшылығына байланысты өте күрделі жағдайда өтуде. Бұның басты себебі Сырдария өзеніндегі судың тапшылығы, табиғи климаттық өзгерістерге сәйкес. Осыған байланысты біз биылғы жылы қысқарған күріштің орнына осы суды аз қажет ететін, рентабельділігі жоғары, экспорттық әлеуеті жоғары дәндік жүгері дақылын 11 мың гектарға егіп отырмыз. Бұл жерде ескеру керек, бұған дейін жүгері дақылы 1,5-1,7 мың гектар шамасында егіліп келген. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда осы жүгері егісі 5 есе артып отыр.

Айта кетейік, биыл өңірде күріш алқабының 10 мың гектары қысқарды. Оның орнына жүгері егілді. Ал су үнемдеу технологиясы енгізілген егістік көлемі 8 мыңнан 14 мың гектарға дейін көбейді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz