Көшеге қоқыс тастасаңыз, қолыңызға күрек алып, қоғамдық орындарды тазалауға дайын болыңыз. Бір ғана айыппұлмен құтыла алмайсыз. Тәртіп сақшылары енді осындай амалға көшті.
Ақтөбеде көшеге қоқыс тастаған 43 адамды осылай жазалады. Жалпы жыл басынан бері қала тазалығына қатысты талаптарды бұзған тұрғындардың үстінен 1171 әкімшілік хаттама толтырылған.
Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының кезекші инспекторлары тәулік бойы экраннан көз алмайды. Шаһардағы 14 мың камера арқылы түрлі құқықбұзушылықты анықтап, көше аралап жүрген тәртіп сақшыларын бағыттап отырады. Негізінен жол жүру ережелерін бұзу деректері тіркеледі. Сонымен қатар қолындағы қоқысты кез келген жерге тастап кететін тұлғаларды да төбеден тесілген камералар бақылап отырады.
Алтынбек Шамшадин, облыстық ПД Жедел басқару орталығының кезекші инспекторы:
- Бейнебақылау камераларымыз қоқыс жәшіктерінің қасында да орналасқан. Қоқысты сыртына тастаған адамдарды осы бейнебақылау камералары арқылы анықтап, машиналарының нөмірімен учаскелік полиция инспекторларына беріледі.
Полиция инспекторлары: «Негізінен үй жиһазы мен құрылыс қалдықтары, автокөліктің қосалқы бөлшектері сияқты рұқсат етілмеген заттарды қоқыс алаңына үйіп кететіндер жиі кездеседі»,- дейді. Заң тілімен айтқанда, абаттандыру қағидаларын бұзған тұлғалар. Мұндай дерек бойынша 6215 әкімшілік хаттама толтырылып, 6 мыңға жуық адам ескерту алды.
Нұрхат Құралбаев, учаскелік полиция инспекторы:
- Бірінші, Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 505-бабына сәйкес ескерту хаттамасы толтырылады. Егер бір жыл ішінде бұл іс-әрекет қайталанған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады 20 АЕК ретінде.
Ал қоғамдық орындарда қоқыс тастап, көше бойын ластаған адамдар Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 434-ші «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылады. Жыл басынан ақтөбелік полицейлер 1171 әкімшілік хаттама толтырған. Тазалық ережелерін елемей, бірнеше мәрте заң бұзған 35 адамға 40 сағат, тағы 8 адамға 80 сағат қоғамдық жұмыс міндеттелді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #тәртіп бұзу #қоқыс #қоғамдық орын #айыппұл #тәртіп сақшылары #қала тазалығы #АқтөбеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz