RU
Толық нұсқаға өту

Ерлан Сайыр амандасу әдебін мектептегі тәрбие жұмысына енгізуді ұсынды

10.09.2026, 11:10 44

«Әділет» фракциясының депутаттары мектепте амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді ұсынды, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл туралы Құрылтай отырысында фракция депутаты Ерлан Сайыр Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен оқу-ағарту министрі Жансая Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Депутаттардың пікірінше, мәдениет концерт, театр немесе музеймен ғана шектелмейді. Ол адамның күнделікті мінез-құлқы мен қоғамдағы әдебінен көрінеді. 

«Әр халықтың өзіндік амандасу мәдениетін сақтау –  ұлттық мәдени ерекшелікті сақтаудың бір тетігі. Қазақ қоғамында да амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болған. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр. Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі – ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады», – деді Ерлан Сайыр.

Осыған байланысты депутаттар амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастыруға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеуді сұрады.

Сондай-ақ мектепте амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысына енгізіп, оны сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс және педагогтердің жеке үлгісі арқылы қалыптастыруды ұсынды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz