Ақтөбелік балалар тісін мектепте емдететін болды. Білім ордаларында стоматология кабинеті ашылып жатыр. Ауыз қуысы ауруларының алдын алу үшін арнайы жол картасы да жасалды. Қазір өңірдегі 14 мектепте тіс дәрігерінің бөлмесі жұмыс істеп тұр.
Облыс орталығындағы №31 орта мектеп оқушылары енді тісін емдету үшін клиника жағаламайтын болды. Білім ордасында психолог және әлеуметтік педагогпен қатар стоматолог кабинеті де ашылды. Мектептегі тіс дәрігері гигиеналық тазалық жөнінде ақыл-кеңес беріп, профилактикалық іс-шаралар өткізеді. 1200 оқушының 800-ін қабылдап үлгерген.
Айгүл Әбдіраш, №2 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:
- Егер де асқынған тісжегілер болатын болса, онда олар екінші және үшінші дәрежелі емдеу мекемелеріне жолданады. Сонымен қатар кейде шұғыл көмекті қажет ететін стоматологиялық жағдайлар болуы мүмкін. Оларды арнайы жолдама арқылы шұғыл ауруханаға жібереді.
Облыстағы 14 мектепте тіс дәрігері кабинеті бар. Олардың екеуі – шалғай ауданда. Бірінші кезекте оқушы саны мыңнан асатын білім ордаларын жабдықтап, білікті маман бекіту көзделген.
Айгүл Аманжолова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Оқушыларға көрсетілетін стоматологиялық көмектің сапалы және қолжетімділігін арттыру мақсатында 2026 жылы денсаулық сақтау ұйымдарына заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау көзделіп отыр. Облыстың білім беру ұйымдарындағы стоматологиялық кабинеттері үшін 15 стоматологиялық қондырға сатып алу жоспарлануда.
Мектептегі тіс дәрігері 7 мыңнан астам оқушыны қабылдап, мың жарымға жуығын емханаға жолдады. Күрделі ем-дом шаралары негізінен облыстық балалар емханасында жүргізіледі. Сонымен қатар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 14 жеке тіс емханасы балаларды тегін қабылдайды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #стоматология #кабинет #мектеп #бала #тіс дәрігері #Ақтөбе #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz