Қазақстанда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау нәтижесінде денсаулық жағдайына байланысты көлік жүргізуге қарсы көрсетілімі бар 10 мыңнан астам адамның жүргізуші куәлігін қолдануы тоқтатылды, деп хабарлайды «24KZ».
Денсаулық сақтау министрлігі, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің деректер алмасуын цифрландыруы арқылы есепте тұрған азаматтар жедел анықталуда. Ведомствоаралық байланыс көлік қауіпсіздігін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Абсолюттік қарсы көрсетілімдерге адамға медициналық себептер бойынша көлік құралын қауіпсіз басқаруға мүмкіндік бермейтін аурулар мен жағдайлар жатады. Олардың қатарында эпилепсия, екі көздің көрмеуі, кейбір ауыр психикалық бұзылыстар, сондай-ақ психоактивті заттарды қолдануға байланысты белгілі бір психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар бар.
Бұл ретте кез келген диагноз туралы сөз болып отырған жоқ. Мысалы, көру, есту немесе тірек-қимыл аппаратының жекелеген бұзылыстары кезінде белгілі бір медициналық талаптарды сақтау немесе арнайы құралдарды пайдалану жағдайында көлік құралын басқаруға рұқсат етіледі. Оларға көзілдірік пен байланыс линзалары, есту аппараты, қолмен басқару құрылғылары және басқа да бейімдеу құралдары жатады.
Егер жүргізушіден медициналық қарсы көрсетілімдер анықталып, заңнамада көзделген негіздер болса, тиісті ақпарат ішкі істер органдарына беріледі. Одан әрі негіздер болған жағдайда полиция сотқа жүгінуіне болады, -деді министрлік өкілдері.
Қазіргі таңда жүргізуші куәлігін алу кезіндегі медициналық куәландыру процесі толықтай цифрландырылып, қағазбастылық жойылды. Барлық медициналық анықтамалар электрондық форматқа көшіріліп, дәрігерлік комиссияның қорытындылары тиісті ақпараттық жүйелерде автоматты түрде көрінеді. Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасатынын айтты.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz