RU
Толық нұсқаға өту

Ұялы байланыс: сапа мен баға сай ма?

10.09.2026, 20:20 51

Биыл азаматтар мобильді байланыс тарифі мен қызмет сапасына қатысты 3 мың өтініш жолдады. Құзырлы министрік арыз-шағым иелерін көбіне баға мен сапа алаңдататынын айтады.

Кей тұрғындар тариф бағасы негізсіз көтеріледі деп есептейді. 

- Айына 14 мың теңге төлеймін екі номер безлимитті интернет. Бағасы былтыр 9 мың еді, ешқандай ескертусіз 14 мыңға қымбаттатып жіберді.

- Біріншіден, тариф өте қымбат, байланыс әрбір жерде ұстамайды. Ай сайын қымбаттата береді.

- Өте жақсы, сапасы да бізге ұнайды, балалар да соны қолданады. Енді бірақ бағасы жоғары.

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Былтыр байланыс қызметіне көңілі толмаған абоненттердің шағымы 17,7%-ға артқан. Тұтынушылар құқығын қорғау органдары 2600 өтінішті қабылдады. Көбінің назы – бір. Тариф жоғарылады, ал сапа сол күйі қалды. Ұлттық статистика бюросы бағалардың жыл сайынғы өзгерісін бағамдады:

2020 жылы елде ұялы байланыс 1,7%-дан 2023 жылы 5,7%-ға дейін біртіндеп жоғарылады. 2024 жылы байланыс құнына 22%-ға жуық, былтыр тағы 7%-дан аса қосылды. Ал биылғы шілде айында 7,6%-ға өсіп, тарифтік жоспар бойынша абоненттік төлемдер 10%-ға қымбаттады.

Ұялы байланыс бағасының өсуі

2020 ж. - 1,7%

2021ж. - 1,9%

2022 ж. - 2,4%

2023 ж. - 5,7%

2024 ж. - 21,9%

2025 ж. - 7,1%

2026 ж. - 7,6%

Тарифтік жоспар - 10%

Нағашыбай Ыбыраев, ҚР ЖИЦДМ, Телекоммуникациялар комитеті басқармасының басшысы:

- Министрлікке 2026 жылдан бастап байланыс саласына қатысты шамамен 3000 өтініш келіп түсті. Азаматтарды негізінен екі мәселе алаңдатады, оның біріншісі байланыс тарифтерінің өсуі, екіншісі байланыстың сапасына қатысты. Осы жерде біз атап өтуіміз керек, 2017 жылдан бастап байланыс операторларының тарифтерін мемлекеттік реттеу тоқтатылған болатын сондықтан операторлар өздерінің шығындарына сүйене отырып тарифтерін өз бетінше бекітеді.

Бұл – еркін бәсекелестік орта. Онда мемлекет, бизнес және халық арасында ортақ түсінік қалыптасуы шарт. Жарнамасы жер-жаһанға жетіп тұрса да, кейде тұтынушы соған лайықты қызметін ала алмай жатады. Сыртқы бақылаудың болғаны абзал. «Сосын ашықтық принципі қажет», - дейді экономистер.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Бұл бірінші кезекте дұрыс, өйткені біздің нарықта байланыс операторларының 4-5 түрі бар. Яғни олар бірінші кезекте еркін бәсекелестік ортада болуы керек. Дәл қазіргі уақытта олардың көрсетіп отырған қызметтерінің сапасының, бағаларының қаншалықты дұрыс-бұрыс екендігін есептеу үшін біз олардың көрсетіп отырған қызметтерінен гөрі қаншалықты тұтынушылар соған сәйкес қызмет көретілуді алып отыр деген сұрақты біз қоюымыз керек сияқты. Бақылауды күшейту қалай жүзеге асуы керек? Бірінші кезекте ашықтық принципі болу керек байланыс операторлары клиенттермен кері байланысы қандай деген сияқты.

Сондай-ақ сарапшылар арыз-шағымның көбеюін қоғамдағы ашық пікір мәдениетінің дамуымен де байланыстырады. «Келіп түскен өтініштің әрқайсысы мәселенің сипатына қарай қаралады және ешбірі назардан тыс қалмайды», - деді құзырлы министрлік өкілі. Қажет болған жағдайда байланыс операторларымен тиісті жұмыс жүргізіледі. Мәселен, биыл 24 тамыздан бастап операторларға жаңа талап енгізілді. Енді тариф құны көтерілетін болса, бұл туралы өз абонентін кемінде 60 күн бұрын SMS-хабарлама және интернет-ресурсы арқылы құлағдар етуге міндетті.

Нағашыбай Ыбыраев, ҚР ЖИЦДМ, Телекоммуникациялар комитеті басқармасының басшысы:

- Егер байланыс сапасына қатысты болса, онда тиісті мемлекеттік орган байланыс сапасына қатысты заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес, техникалық параметрлері өлшенетін болады. Егер байланыс операторының техникалық параметрлері талаптарға сәйкес келмесе операторға кемшіліктерді жою немесе желіні оңтайландыру туралы міндеттеме хаттама жолданады.

Шілде айында елде ұялы байланыс абоненттерінің саны 27,5 млн-ға жетті. Сонымен қатар, отандық телекоммуникациялық қызметтер нарығында ақша айналымы тұрақты өсіп жатыр. 2020 жылы көрсетілген қызметтер көлемі 884 млрд теңгеден асса, былтыр бір жарым трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері сала кәсіпорындары 913 млрд теңгеге қызмет көрсетіп үлгерді. 

Авторы: Рухани Әбдірахман

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz