Бұл Орталық Азия жарнама қауымдастығының дерегі. Сарапшылардың бағалауынша, телевизия ірі жарнама берушілер үшін маңызды алаң ретіндегі өз орнын сақтап отыр.
Жалпы жарнаманың 53%-ы интернетке, 19,4%-ы сыртқы жарнамаға тиесілі. Ал радио мен баспасөз беттеріне берілетін хабарламалар үлесі 2%-дан аспайды. Ақшалай есептегенде, Қазақстандағы жарнама нарығының жалпы көлемі 66 млрд теңгеге жуықтады. Бұл биылғы жарты жылдықтың көрсеткіштері. Астанада өткен Ұлттық медиа қауымдастығының «Цифрлық бәсекелестік жағдайындағы телевизия: даму перспективалары» атты конференциясында саладағы өзекті мәселелер сөз болды. Басқосуда телевизиялық контентті цифрлық платформалар арқылы тарату жайы талқыланды. Ұлттық медиа қауымдастық телеарналарды ғана емес, жарнама беруші ірі компанияларды және сейлз-хаустарды біріктіреді.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі:
- Бізде қазір алуан түрлі ақпарат көздері бар. Сондықтан телеарналар яғни телевизия саласы қазіргі цифрлық заманға бейімделуі керек. Тиянақты жұмыс жасауы керек. Жасанды интеллект технологияларын қосып, әлеуметтік желіге белсенді жұмыс жасап, жаңа форматқа жұмысты көшу қажет. Бұл қазір болып жатқан әлемдік дүние.
Жиынға отандық және шетелдік медиа сарапшылар қатысты. Халықаралық тәжірибе телевизия саласының жаңа медиа ортаға бейімделуінің екі негізгі бағытын айқындайды. Оның біріншісі – контентті интернет арқылы кеңінен тарату, екіншісі – цифрлық сервистермен әріптестікті дамыту.
Кемелбек Ойшыбаев, Ұлттық медиа қауымдастығының басшысы:
- Бұл жиында біз жаңғыру бағытында, даму бағытында қандай сұрақтарды шешу керек? Сол сұрақтарды талқылау үшін жиналамыз. Қоғамның, депутаттардың тарапынан жарнама фастфуд, басқа да қанты көп қосылған өнімдерді шектеу жағында талқылап жатыр. Сондықтан осы бағытта егер шектеулер енгізілетін болса, онда жарнама нарығына үлкен кедергі алып келуі мүмкін. Себебі шамамен 30-35% жарнама нарығының сол бағыттардан тұрады.
Тегтер #24KZ #жарнама #нарық #телевизия #Ұлттық медиа қауымдастығы #телеарнаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz