RU
Толық нұсқаға өту

Маңғыстау облысыдағы ата жолын жалғаған үлгілі әулет

10.09.2026, 22:00 32

Маңғыстау облысының Жармыш ауылында тұратын Бисемағанбетовтер әулеті өңірде еңбекқор отбасы ретінде танылған. 84 жасқа қадам басқан Аманғали ата жастайынан әкесіне қолғабыс етіп, шаруаға араласты.

Мал шаруашылығы саласында 40 жыл қажырлы еңбек етіп, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Қимылы ширақ қария қазір де жақындарына ақыл айтып, кейінгі ұрпақты еңбекқор болуға үндеп келеді.

Аманғали атай күнұзақ қызмет бабымен құлан түзде жүрсе де, отбасы тірлігінен қалыс қалған жоқ. Жұбайымен бірге 10 перзент тәрбиелеп өсірді. Үлгілі әулеттің тізгінін ұстаған зейнеткерлер немере, шөбере-жиендерінің қызығын бірге қызықтауда.

Аманғали Бисемағанбетов, еңбек ардагері:

- 68-ші жылдан бастап шаруаға айналдым. Сол мал шаруашылығына совхоз директоры ұсынып, бір отар қой берді. Осыны бақ. Бақсаң қор болмайсың, дегендей қылды. Бәрін де орындадым, мал басын өсірудегі 100 аналықтан 130-ға дейін төл өсіріп, қостым. Сол уақытта мына кемпіріме де үйлендім. Ол да арғыжағы шаруаның қызы, Шәңкеева Күнжарық дейтін болады. Сол шаруада жүріп бұл кісі де 5 ұл, 5 қыз өсірді. Солардан өсіп-өнген 41 немерем бар, 11 шөберем бар.

Күнжарық Шәңкеева, А. Бисемағанбетовтің зайыбы:

- Қойы семіз болған, қозыны көп алған сондай атақты адамның қызымын. Ол кісі маған таяғын ұстатып кеткен. Мына ер балалары менен кішілеу болды, сосын мені азамат қылып жұмсаған. Содан 23 жасқа келгенде, осы кісіге тап болып, келдім. Қой түнетсе, түнетістім. Суарса, суарыстым. Бақса, бағыстым.

Жармышта 56 шаруа қожалығы бар. Төртеуі Бисемағанбетовтер әулетіне тиесілі. Аманғали атайдың бір ұлы дүниеден ерте озды. Қалған ұлдары әке жолын жалғап жүр. Ата кәсіпті еңбекқор қарияның немерелері де жалғауға ниетті.

Мырзабек Аманғали, А. Бисемағанбетовтің немересі:

- Мен шопан болғым келеді. Әкелерім сияқты малды дамытқым келеді. Қазақ болған соң малды бағу керек. Малды бақсаң, мал да сені бағады.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне биыл 54 отбасы қатысты. Олардың арасынан 14 жанұя жеңімпаз атанды. Бірінші орынға Бисемағанбетовтер әулеті лайық деп танылды.

Мұханбетқажы Бисемағанбетов, фермер:

- Біздің шаруашылығымызда түйе бар. Жылқы шаруашылығы бар. Қырда «Жамаңғы» жерінде өзіміздің «Адай жылқысы» тұқымы. Біз әкемізден көргенімізді, балаларымыз бізден көргенді жалғастырып жатыр.

Бисемағанбетовтер әулетінің ұстанымы «Татулық орнаған шаңыраққа ырыс пен несібе ұя салып, береке мен бақ қатар қонады». Көпке үлгілі отбасы осы даналық сөздің мән-мағынасын өз ісімен көрсетіп келеді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz