Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына күйік бөлімшесін ашуға бөлінген 223 млн теңге демеушілік қаражатты жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Агенттік таратқан мәліметтерге қарағанда, заңсыз әрекетке қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші қатысты деп күдік келтіріліп отыр. Қазіргі таңда үш күдікті қамауға алынды.
2025 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ демеушілік ретінде бөлінген 223 млн теңгені «ӨзенМұнайГаз» АҚ арқылы «Жарылқау» қорына аударған. Бастапқыда сегіз түрлі медициналық жабдық сатып алу көзделгенімен, кейін шарт өзгеріп, 210 млн теңгеге небәрі екі арнайы кереует сатып алу жөнінде келісім жасалған.
Сатып алу Бірыңғай дистрибьюторды айналып өтіп, заң талаптарын бұзу арқылы жүзеге асырылған. Жабдық сатып алуға іс жүзінде 92 млн теңге жұмсалып, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған. «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық ақшаға Астанадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғаларға рәсімдеген.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, соның ішінде 3 пәтерге, 2 тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынды. Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Маңғыстау облысы #жемқорлық #ҚМА #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz