Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал аудандарында ақ алтын – мақта жинау науқаны басталды, деп хабарлайды «24KZ».
Биылғы вегетация маусымы тұрақты өтіп, «Қазсушар» кәсіпорнымен келісімшарт бекіткен шаруалар қажетті су көлемімен уақытылы қамтылды.
Түркістан облысы бойынша вегетация кезеңіне арналған су алу лимиті 3,3 миллиард текше метрді құраса, бүгінгі таңда 3,2 миллиард текше метр су алынып, 270,8 мың гектар егіс алқабы суарылды.
Ал Жетісай ауданының диқандары 53,6 мың гектар жерге мақта егіп, жергілікті фермерлермен су беру бойынша 2 567 келісімшарт жасалған. Аудан бойынша су алу лимиті 663 миллион текше метрді құраса, оның 585 миллион текше метрі пайдаланылды. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы жалпы өңір бойынша 277,5 мың гектар алқапты суаруға 12 409 келісімшарт түзіп, соның 104,8 мың гектарына мақта, 3,5 мың гектарына күріш егілген.
Диқандар бекітілген кестеге сай әрі толық көлемде жеткізіліп жатқан су үшін «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалына алғыс білдіруде.
Биыл 10 гектар жерге мақта ектік. Өткен жылмен салыстырғанда су жағдайы әлдеқайда жақсарды. Су кестеге сай, жеткілікті көлемде келіп жатыр. Ешқандай мәселе болған жоқ. Бұрын шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындайтын, қазір бұл мәселе шешімін тапты. «Қазсушарға» үлкен рақмет, – деді «Арынбек ата» шаруа қожалығының төрағасы Нұрмахамбет Арынбек.
Өз кезегінде шаруа Исмаил Атиллов каналдарды бетонмен қаптау жұмыстары өз нәтижесін бергенін атап өтті.
4,5 гектар жерге мақта өсіреміз. Егістікті екі рет суардық. Суды кестеге сай алдық. Каналдардың бетонмен қапталуының арқасында су ысырабы азайды. Енді су шалғайдағы учаскелерге де уақытылы жетеді, – деді шаруа Исмаил Атиллов.
Биылғы маусымда суармалы судың уақытылы берілуі мен инфрақұрылымдық жақсартулардың арқасында өңірдегі диқандар мол өнім алуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта да су үнемдеу технологияларын енгізу және жүйені цифрландыру жұмыстары өз жалғасын табады.
Тегтер #мақта #Түркістан облысы #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz