Ақтөбеде жаңа футбол стадионының құрылысына Үкімет резервінен 6,5 млрд теңге бөлінді. Сыйымдылығы 35 мың көрерменге арналған спорт кешені қаланың батыс бөлігінде, 25 гектар аумақта бой көтереді. Жаңа арена УЕФА-ның 4-деңгей талаптарына сай жобаланған.
Жалпы аумағы 80 мың шаршы метрден асатын бесқабатты ғимаратта футбол алаңынан бөлек, командалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына арналған инфрақұрылым салынады. Жобаны үш кезеңде іске асыру жоспарланған. Биыл бөлінген қаражат алғашқы кезеңін іске асыруға бағытталады. Нысан 2028 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі.
Абзал Әбдікәрімов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
- Қаланың қазіргі стадионы 1975 жылдан бері пайдаланылып келеді. Бірнеше онжылдық ішінде ол қала мен облыс тұрғындары үшін басты спорттық және қоғамдық орындардың біріне айналды. Сондықтан жаңа стадион құрылысы жай ғана спорт нысанын салу емес, Ақтөбеде қалыптасқан спорт мәдениетінің ауқымына сай заманауи инфрақұрылым қалыптастыру. Жобаның іске асырылуы бұл футбол матчтарына қатысу мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жаңа аренада ірі спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларды да өткізу болады.
Тегтер #футбол #стадион #үкімет #көрермен #спорт кешені #УЕФАPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz