RU
Толық нұсқаға өту

Қызылорда облысында күріш орағы басталды

11.09.2026, 13:30 50

Ақмаржанды шашау шығармай қамбаға құйып алу үшін диқандар тынымсыз еңбек етіп жатыр. Өңірдегі 193 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл егілсе, соның 70 мың гектары күрішке тиесілі.

Биыл су тапшылығына байланысты күріш алқабының 10 мың гектары қысқартылды. Шаруалар суды көп қажет етпейтін дақылды көбейтіп, су үнемдеу технологияларын жаппай енгізіп жатыр. 

Қаратөбе ауылындағы диқандар биыл отандық «Сыр сұлуы» сортын екті. Бұл – ерте пісетін күріш. Өнімнің шығымы жақсы. Соңғы жылдары өңірде су тапшылығына байланысты шаруалар егінді әртараптандыруға көшті.

Құлмағанбет Исаханов, шаруа қожалығының төрағасы:

- 155 гектар күріш егілді. Басқа да әртараптандыруға байланысты жүгері, мақсары, тары, көкөністер мен асқабақ бар. Біраз дақылдар еккенбіз, бәрінің бітімі де, барлық жағынан жақсы енді. Құдай қаласа, орақ басталып, орып жатырмыз.

Сырдария өзенінің аяқ жағында орналасқан Қазалы ауданының диқандары үшін егінге су жеткізу қашаннан өзекті мәселе. Биыл ауданда 12 мың гектардан астам егін егілді. Оның ішінде 2,5 мың гектары – күріш. «Жерді лазермен тегістеу және тіршілік нәрін үнемдеу шараларының арқасында өнім көлемі ойдағыдай болды», - дейді мамандар.

Еркін Сейітов, Қазалы аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Су тапшылығы болатындығы ескертілді, дегенмен де суды көп қажет ететін өнімдерді азайтып, аз суаратын дақылдар егілгенінің арқасында су жеткілікті болды. Жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісімен қазіргі уақытта егін егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл енді 1500 гектарға дейін жеткізіп отырмыз. Былтыр 1200 гектар болған.

Бүгінде өңірдің барлық ауданында күріш орылып жатыр. Диқандар ел ырысын жауын-шашынға қалдырмай, жинап алу үшін тынымсыз тер төгуде.

Асылжан Жарылқасынов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- 193 мың 500 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылды. Оның ішінде де негізгі дақыл күрішті біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 10 мың 900 гектарға, былтырғы жылмен салыстырғанда қысқартып, 70 мың гектарға орналастырдық. Күріш жинау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сәйкес, ауа райы қолайлы болған жағдайда осы қазан айының екінші 10 күндігінен кешіктірмей жинап алу жоспарлануда.

Айта кетейік, еліміздегі күріштің 90 пайызы Сыр өңірінде егіледі. Өнімнің 40 пайызы эспортталады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz