Бизнес демекші, әлемдегі ірі компаниялардың көбі кішігірім стартаптардан басталған. Біздің елде де жаңашыл жоба жасап, толайым табысқа жеткен кәсіпкерлер бар. Мәселен, Шымкентте IT-кәсіпкерлерді даярлауға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Енді жас стартапшылар бюджет есебінен оқып, жобаларын жетілдіреді. Үздіктері кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіле бастайды. Стартаптарды сүйемелеуге тәжірибелі тәлімгерлер бекітілген. Олар авторларды жан жақты қолдап, бағыт-бағдар береді. Нұрсұлтан Оразов бағдарламаға қатысу үшін тауарды тұтынушыға тікелей жеткізетін электронды базар мобильді қосымшасын таныстырды.
Нұрсұлтан Оразов, ІТ маман:
- Әр адам өз көзқарасымен идеясы мықты болып көрінеді. Бірақ шынайы оны дұрыс салаға түсіріп, дұрыс бағыттау үшін мықты, білімді адамдар керек қасына. Стартап ортада біз сенімдіміз сол бұрыннан жасап жүрген қателіктерді жасамай, соны дұрыс бағытқа түсіру.
Өңір бойынша осындай 121 инновациялық жобаның авторы іріктеуден өтті. Оларға 10-нан астам тренер бекітіліп, үш айлық оқу жоспары жасалды. Авторлар өз жобасын жүзеге асыру үшін нарықты талдауды үйреніп, маркетингті меңгереді.
Мұхит Кемелов, қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы:
- Тек қана идея күйінше келген адамдар бар немесе жартылай стартап бар. Олар стартапты қалай қолдану керек екендігін әлі білмейтін жобалар да бар. Өнім бар. Бірақ нақты қолдану аймағы әлі анықталмаған өнімдер де бар. Соларды қолданып әрі қарай дамытуға, дағды беруге кірісетін боламыз.
Бағдарламаның алғашқы түлектері білім, медицина сияқты салаларға жаңашылдықтар енгізуге сеп болды. Солардың бірі – «цифрлық ассистент» жобасы. Қазір емханалар мен ауруханаларда клиникалық хаттама толтыру Жасанды интеллект жүйесімен атқарылады.
Жамшид Арипов, жоба жетекшісі:
- Біз системаны 60-тан астам медициналық ұйымда пилоттық режимнен өткіздік. Соның ішінде 20-дан астамы коммерциялық енгізуге өткізілді. Қазір мыңнан астам дәрігерлер, эксперттер, бас дәрігерлер де қолданып жатыр.
Бағдарлама қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификат беріледі. Үздіктер Астанада таныстырылады. Сонымен қатар халықаралық бағдарламаларға қатысып, шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасуға жағдай жасалады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #кәсіпкер #IT #стартап #жоба #бюджет #автор #бағдарлама
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz