RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік арзандады

11.09.2026, 16:53 41

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары бір апта ішінде арзандады, деп хабарлайды 24KZ Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Бюро дерегінше, ең көп арзандаған өнімдер қатарында картоп, пияз, ақ қырыққабат және сәбіз бар.

2026 жылғы 9 қыркүйектегі мәлімет бойынша, картоптың бағасы бір аптада 6,9%-ға төмендеген. Пияз 5,9%-ға, ақ қырыққабат 5,1%-ға, ал сәбіз 4,5%-ға арзандаған.

Сондай-ақ алма бағасы 0,8%-ға, нан 0,4%-ға және ірімшік 0,3%-ға төмендеген. Ал бірінші сұрыпты бидай ұны, кеспе өнімдері, сүт және сүзбенің бағасы есепті кезеңде өзгермеген.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Астана, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Өскемен, Семей және Түркістан қалаларында 0,1%-ға төмендеген. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Таразда баға алдыңғы апта деңгейінде сақталды.

Қазақстан бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 156 теңге болды. Ең төмен баға Павлодарда тіркелді – 123 теңге.

Сәбіздің орташа бағасы 227 теңгені құрады. Бұл өнім де Павлодарда ең арзан сатылған – килограмы 146 теңге.

Картоптың орташа бағасы килограмына 217 теңге болды. Ең төмен баға Павлодарда – 152 теңге, Қостанайда 184 теңге деңгейінде тіркелді.

Ал қызанақтың орташа бағасы республика бойынша 586 теңгені құрады. Ең төмен баға Таразда тіркеліп, килограмы 347 теңге болды.

Ет өнімдерінің бағасына келсек, сүйекті сиыр етінің орташа құны килограмына 3819 теңге, ал тауық етінің бағасы 1747 теңге болды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz