RU
Толық нұсқаға өту

Оқиғалы туризм экономиканы көтереді

11.09.2026, 17:11 41

Қазақстан – оқиғалы туризм бойынша Орталық Азияда оқ бойы озық тұр. Спорттық сайыстарды қоспағанда, әлем жұлдыздарының бірінен соң бірі елде өнер көрсетуі – туризм саласына қан жүгіртті.

Алайда әлеует әлі жеткілікті. Сондықтан сарапшылар экспортқа ұсынатын халықаралық шараларға қауқарлы болуға шақырады. 

Кейінгі жылдары экономикаға креативті индустрия дендеп кіріп жатыр. Өндіріспен қоса өнер бірдей өркендесе елді өрге сүйрейді.  Сондай олжа соңғы жылдары оқиғалы туризмнен таныла бастады. 

Базарбек Қамысбаев, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының департамент директоры:

- «Оқиғалық туризмді» қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, белгілі бір шараға келген, яғни, концертке болсын, іс шараға болсын, фестивальге болсын келген турист, ол концерттің билетін алып қана қоймай, қонақ үйде тұрады, такси қызметін пайдаланады, қосымша экскурсия пайдаланады. Сондықтан мұндай туристің орташа чегі, жұмсайтын ақшасы көбірек болады. Мысалы, MasterCard деректері бойынша астанадағы турист күніне $230 қаржы жұмсайды. Яғни бұл турист кем дегенде 3 күн аялдайды десек, қалада $690 доллар бір турист қалдырады.

«Ұмытылмас шоу үшін Қазақстанға рақмет!». Энрике Иглесиас Астана мен Алматыда концерт берді. Әлемге әйгілі әншінің әсерін инстаграмдағы 18 жарым млн тіркелушісі көрді. Демек қазақ елі жайлы жылы естелік бір елітіп кетті. «Бұл да ел туризмін түлетуге сеп», - дейді сала мамандары. Ал былтыр Алматыда шетелдік әншілердің 49 концерті өтіпті. Сол жылы рекордтық көлемде 15 млн 700 мың шетел азаматы келген. Соның 11 млн.нан астамы нақты турист. Туризм саласының ел экономикасына қосқан үлесі 5 трлн теңге. Биыл 6 айда Қазақстанға 7 млн сырт адам ағылған. Оқиғалы туризмнің олжасы осы деуге де болады. Алайда бұдан да күшті нәтижеге жету үшін экспорттық ірі халықаралық шараларды ширату керек. 

Еркін Тікенов, Индустрия және туризм саласының сарапшысы:

- Бізге төл мәдени топтама жасаған дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, дүйім жұртты дүр сілкіндірген дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Тенрги музыка, яғни этно музыка да тартымды болушы еді. Тіпті ұзын қашықтыққа марафон ұйымдастыру. Наурызнаманың өзі – үлкен қызығушылық тудыратын шара. Тек осылардың айналасында қолдау көрсететін инстиуттар, мекемелер болу керек. Міне, бұл экспорттық өнім болады. Тек әшекейлеп, безендіріп, дұрыс дәріптеу керек. Ай бұрын, жыл бұрын жариялаған дұрыс. Міне, мұны жұмсақ күш дейміз. 

Оқиғалы туризмнен тәуір табыс түседі. Тек бір дерек. Mastercard зерттеуіне сүйенсек, шетелдік карталармен жасалған төлемдер Дженнифер Лопестің концерті кезінде 11 пайызға, ал «Қайрат»-«Реал Мадрид» ойынында  16 пайызға өскен. Әйтсе де, индустрия нақты цифрларды талап етеді. Сондықтан мамандар бірыңғай экожүйе құрып, туристің елге келуінен бастап, емін-еркін жүруі мен түнеуіне дейінгі аралықтың есебі болуы керек. Сонда көлеңкелі бизнес емес, бюджеттің бүйірі толады. 

Нысаналы Ығыл, Арман Ақшабаев «24КЗ»

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz