ҚР Қорғаныс министрлігі шақырту қағазының қалай берілетіні, медициналық комиссиядан өту тәртібі және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға кімдердің құқығы бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды 24KZ.
Шақырту қағазы азаматты жергілікті әскери басқару органына шақыру іс-шараларынан өту үшін берілетін ресми құжат. Ол азаматтың өзіне қол қойғызып табысталады, сондай-ақ жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізілуі мүмкін.
Сонымен қатар шақырту туралы хабарлама eGov.kz порталындағы жеке кабинетке, eGov Mobile қосымшасына және SMS арқылы жіберіледі. Құжатта келу күні, уақыты, мекенжайы және шақыру мақсаты көрсетіледі.
Шақырту алғаннан кейін азамат аты-жөнін, мекенжайын, келу уақытын және шақыру мақсатын тексеруі керек. Сондай-ақ жеке куәлік, тіркеу туралы куәлік (бар болса), оқу орнынан анықтама және медициналық құжаттар сияқты қажетті құжаттарды алдын ала дайындаған жөн.
Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал әскерге шақырудан жүйелі түрде жалтару қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыру отбасылық жағдайға, білім алуды жалғастыруға және денсаулық жағдайына байланысты беріледі.
Сондай-ақ ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтер мен дәрігерлерге, депутаттарға, азаматтық авиация және кеме экипаждарының мүшелеріне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан азаматтарға да кейінге қалдыру қарастырылған.
Оны рәсімдеу үшін растайтын құжаттарды ұсынып, әскерге шақыру комиссиясының шешімін алу қажет.
Шетелде күндізгі бөлімде оқитын азаматтар оқу орнынан анықтама алып, eGov.kz арқылы кейінге қалдыруға өтініш бере алады. Қажет болған жағдайда құжаттың қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасы ұсынылады.
Егер азамат белгіленген уақытта келе алмайтын болса, бұл туралы жергілікті әскери басқару органына алдын ала хабарлап, себебін құжатпен растауы тиіс. Ауырған жағдайда медициналық анықтама, ал оқуына немесе жұмысына байланысты келе алмаған кезде тиісті растайтын құжат ұсынылады.
Қорғаныс министрлігі шақырту қағазы азаматтың бірден әскерге жіберілетінін білдірмейтінін атап өтті. Әдетте азамат деректерді нақтылау, медициналық комиссиядан өту, әскери қызметке жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыруға негіздердің бар-жоғын тексеру үшін шақырылады.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #әскерге шақыру #медициналық комиссия #әскери борышPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz