Жақында қырғыз елінде аяқталған 6-шы көшпенділер ойындары Қазақстан үшін жемісті болды. 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысқан кешенді сында жерлестеріміз 32 алтын, 20 күміс, 22 қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте көш бастады.
Ұлт мерейін асырған спортшылар мен бапкерлерді бүгін Президент құттықтап, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысты жүзеге асқанын тілге тиек етіп, Қазақстан халқына Жолдауын қазан айында жасайтынын мәлімдеді.
Қолынан қыран түспеген құсбегі, тақымында тұлпар тулаған шабандоз, бекем белді балуан, құралайды көзге атқан мерген бәрі де бүгін бас қалада бас қосты. Апта бұрын дәл осы қыз-жігіттеріміз Ыстықкөл жағасында атой салған еді. Қоржынымыз 32 алтынмен апталып, 20 күміспен күптелді. Тағы 22 қоланы місе тұттық.
Алыс-жақындағы ағайынды аударыспақ шеберлері апырай дегізді. Құрыш білек, бекем белді жігіттеріміз 6 салмақтың төртеуінде қарсылас шақ келтірмеді.
Сырым Ізбасаров, аударыспақтан ұлттық құраманың мүшесі:
- Бәйгеден де бәсіміз жоғары. Қазақтың тұлпарлары Алатаудың баурайын шаңға бөгіп, алты алтынның төртеуін жеңіп алды. 25 шақырымдық бәйгеде алғашқы 5 орын түгел қазақ шабандоздарына бұйырды. Одан қалса, 300 шақырымдық жорықта құрама жігіттері қырғыздың 7 бірдей командасын қапы қалдырып, мәреге бірінші боп жетті.
Рүстем Досжанов, Жорықтан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Құралайды көзге атқан мерген Аяш Қабдоллаева да көптің есінде. 50 ден асқан әйелдің тартқан жебесі нысанаға дәл тиді. Жеңіс тұғырына көтерілгенде көзінен еріксіз жас та төгілді.
Арқан тартыс шебері Мейір Рахметқалиев те ауылдағы ағайынның айызын қандырды. Салмағы 110 келі тартатын жерлесіміз, өзінен 80 келі ауыр, алып Ирандықты арқан тартыста ырғап-ырғап жұлып алды.
Спортшылардың қай-қайсы болмасын жаһандық додада жанын салды. Сол ұлт мерейін асырған ұлттық спорт майталмандарының еңбегі елеусіз қалған жоқ, қалмайды да. Мемлекет басшысы көк туды көкке көтерген өрендерді ұдайы қолдап келеді.
Төл ойындарымызды олимпиадалық спортпен теңестіруі бұған дәлел. Бүгін Мемлекет басшысы көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсеткен спортшылар мен бапкерлерді жарқын жеңістерімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамыту – Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған аса маңызды міндет екенін айтты. Елде төл спортымыз бойынша мыңнан астам жарыс өткізілетінін мәлімдеп, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығына баға берді. Бұдан бөлек, соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны бой көтергенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев , Қазақстан Республикасының президенті:
- Балаларымыз спортпен немесе дене шынықтырумен міндетті түрде айналысуы керек. Бұл – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы мақсаттың жалпыұлттық мән-мағынасы айрықша. Өйткені дене бітімі әлсіз, рухы қауқарсыз халқы бар ел ешқашан озық, дамыған мемлекет бола алмайды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Сондықтан спорт мектептерінде оқитын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артты, яғни 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге ұлғайды. Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмесіне мемлекет есебінен ақысыз барды. Осы мақсатқа 50 млрд теңге бөлінді. Дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың саны 8 млн-нан асты. Бұл – халқымыздың жартысына жуығы деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, бізді салауатты ұлт деп атауға болады. Алайда босаңсуға болмайды.
Артынша Президент спорттағы жоғары жетістіктері, сондай-ақ көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға және өткізуге ерекше үлес қосқан үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады.
Жанбатыр Бекмұсаев, аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін осылай деп қортындылап, дүбірлі доданы жоғары деңгейде өкізген Қырғыз елінің Президентіне ризашылығын білдірді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасы атанғанын еске салды. Қазақ спортының беделі зор. Мұны бүкіл әлем мойындайтын болды деді Президент.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев
Тегтер #көшпенділер ойындары #президент #жеңімпаздар #марапатPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz