RU
Толық нұсқаға өту

Астанада заңсыз салынған көлік жуу орны бұзылады

11.09.2026, 21:25 46

Елорданың Байқоңыр ауданындағы Тараз көшесінде заңсыз көлік жуу орнын бұзу басталды. Біріншіден нысан көлік жууға арналмаған жерде орналасқан. 

Сонымен қатар иесінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттары болмай шықты.

Елорданың Тараз көшесіндегі бұл көлік жуу орны тұрғын үйлердің маңында заңсыз салынғаны анықталды. Тұрғындарға да қолайсыздық тудырыпты. Осыған дейін елорданың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекторлары нысан иесіне заң бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы хабарлады. Алайда ол бұл талаптарды орындамады. Сот талқылауы 8 айға созылып, нысанды бұзу туралы сот шешімімен аяқталды. 

Қазіргі уақытта басқарма 341 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы 182 нұсқама берді. Сонымен қатар жалпы сомасы 265 млн теңгеден асатын 702 әкімшілік айыппұл салынды.

Өміржан Керейхан, Астана қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

- Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы аталған нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Нұсқама орындалмағандықтан, басқарма нысанды бұзу туралы сотқа талап арыз берді.

Осыған байланысты Астана қаласының әкімдігі тұрғындарды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заң талаптарын сақтауға шақырады. Ал заң талаптарын сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ернар Нысанбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz