Елде қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні аталып өтеді. Мерейлі мереке қарсаңында мерейлі отбасылар жайында сөз етсек.
Көпке үлгі өнегелі отбасының бірі – Алматы облысының Кеген ауданында тұратын Бақашовтар әулеті. Олар ұзақ жылдан бері білім саласында еңбек етіп келеді. Әулеттен шыққан мұғалімдердің жалпы еңбек өтілі бір ғасырға жуықтайды. Бүгінде «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының аудандық және облыстық кезеңінен өтіп, финалдық сайысқа жолдама алды.
Кегендіктердің Ерлан Бақашов пен Дәмелі Мұқатайқызына деген ілтипаты ерекше. Бірі балаларына бастауыш мектепте әріп танытса, екіншісі көлік тізгіндеуді үйреткен. Ерлі-зайыпты 1985 жылдан бері тату-тәтті ғұмыр кешіп, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Сонымен қатар дүниеден өткен аға-жеңгесінің қызын қамқорлығына алып, өмірден өз орнын табуына ықпал етті. Бүгінде олар 15 немере сүйіп отырған ардақты ата мен әже.
Ерлан Бақашов, «Мерейлі отбасы» байқауының Алматы облысы бойынша жеңімпазы:
- Біз осы жерде туып-өскеннен кейін ауа райы, барлығы өзіме қатты ұнайды. Өйткені мен Кегеннің желін де аңсап тұрамын, ыстық маған. Қай жаққа барсам да, мысалы қала жаққа, тағы бір жаққа барсам да, Кегенді бір үш-төрт күннің ішінде қайтадан кеткім келіп, сағынып тұрамын. «Мерейлі отбасына» қатысу себебіміз енді ол біз енді өзіміздің мына отбасындағы бала-шағамыздың кішкене халық арасына шығып, көрейік деп тұрған ниетіміз енді.
Дәмелі Мұқатайқызы, Е. Бақашевтың зайыбы:
- 41 жыл педагогикалық тәжірибем бар. Кеген ауданында Серкебаев атындағы орыс орта мектебі бар. Сол мектепте қызмет еттім. Бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еттім. Зейнеткерлікке шыққаныма 2,5 жыл болды. Енді зейнеткерлікте де үйде құр отырмай, осындай құрақтар құраймыз. Енді үйде бос отыра алмайсың. Әртүрлі жұмыстарды істеп, сиыр сауамыз. Ауылдық жер болғаннан кейін құрт-май жасаймыз дегендей, еңбектеніп жүрміз әлі де.
Ерлі-зайыптының үлкен ұлы Ринат Асқарқожаның мамандығы – инженер. Ол қазір «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жұмыс істейді. Ал Ринаттың соңынан ерген інісі Ернат Асқарқожа Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері. Осы әулеттен шыққан Жұлдыз, Қаракөз, Мейрон есімді үш қыздың екеуі мейірбике болса, Қаракөзі әке-шешесінің жолын қуып, ұстаздықты таңдаған.
Ернат Асқарқожа, Е. Бақашовтың ұлы:
- Әке-шешені үйдің кенжесі бағады дейді. Сондықтан мен қазір әке-шешеммен бірге тұрамын. «Әке-шешесі бар адам – бай адам», - дейді. Сондықтан сол кісілерді бағып-қағу – менің міндетім. Біз өте мейірімдіміз, бір-бірімізге көзқарасымыз жақсы. Мысалы, ағаларым, қарындастарым бар, бәрі жан-жақта. Бізге «Мерейлі отбасына» қатысып жатырмын деп айтты, кейін қолдау көрсеттік.
Түгін тартсаң май шығатын Кеген ауданының негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы. Бұл отбасы да атадан балаға мирас болып келе жатқан осы кәсіп түрімен айналысады. Өйткені қай-қай істің де өз қызығы мен ризығы бар.
Еркінбек Қалқаев, Кеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Сондықтан біз осы комиссияның ұйғарымымен осы облыстық байқауға «Мерейлі отбасына» осы ауданның атынан осы Бақашовтар отбасын ұсындық. «Мерейлі отбасының» негізгі мақсаты – біздің өскелең ұрпаққа отбасылық құндылықтарды, оның ішінде өзіміздің ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты дәріптеу, болашақ ұрпаққа санасына жеткізу, осы бағыттарда үлкен тәрбиелік мәні зор шара.
«Біз отбасылық құндылықтарды дәріптеп, балаларға ұлттық тәрбие беру ісін жан-жақты дамытуымыз керек. Өйткені отбасы – мемлекеттің іргетасы. Сол үшін ұрпағымызды көзі ашық, көкірегі ояу, өнегелі, халыққа адал қызмет ететін текті азамат етіп өсіру біздің ел алдындағы перзенттік парызымыз», – деді Ерлан Бақашов.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #24KZ #Мерейлі отбасы #отбасы күні #жеңімпаз #Таңдаулы #Алматы облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz