RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да инфрақұрылымдық жобаларға қағазбастылық кедергі келтіріп отыр

12.09.2026, 15:05 40

Шығыс Қазақстанда орман қорына тиесілі жер учаскелері инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отыр.

Жасыл желекті аумақ арқылы жол немесе электр желісін жүргізу үшін қажетті рұқсаттарды алу кей жағдайда бірнеше жылға созылады. Мәселен, Тереңсай асуындағы автожол құрылысы кезінде жерге қатысты құжаттарды рәсімдеуге төрт жыл кеткен. Бүгінде бұл мәселе өңірдегі туризмді дамытуға да қолбайлау болып тұр.

Орман қоры аумағына тиесілі учаскеде инфрақұрылым тарту оңай емес. Мәселен, Риддерде 42 шақырымдық электр желісі жылдар бойы тартылмай тұр.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Мына бағандардың осылай бекер жатқанынан 10 жылға жуықтап  қалды. 2017 жылы элекр желісін тарту  үшін  қомақты қаражат бөлініп жұмыс басталды. Алайда мердігер жауапсыз болып, шаруа орта жолдан тоқтап қалды. Ары қарай сот отырыстары басталды. Мердігер ауысты. Бірақ іс мандымады.

Өйткені гәп басқада болып шықты. Құрылыс орман қоры мен табиғи қорық аумағын басып өтетіндіктен, арнайы рұқсат қағаздары мүлдем болмаған. Осыдан соң жобаға ешкім бел шешіп кірісе алмады. Түйткілді мәселе түйіні биыл ғана тарқады. Талап-ереже сәл жеңілдеп, шаруаны қайта жалғастыру қарастырылып жатыр. Бұл өзгерісті әсіресе туристік орын иелері асыға күтуде.

Қаныбек Төлеухан, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

- Он шақты демалыс орындары бар. Олардың біразында электр энергиясы жоқ. Олар балама электр көздерімен қуатталып, жарық алып отыр. Туризмді ары қарай дамытатын болсақ, бізге инфраструктура қажет. Жол керек, жарық керек, электр жүйесі керек.

Дегенмен де күрделі жол-құрылыстарын жүргізу әлі де қиын. Бұны өлкедегі жолшылар жақсы біледі. Мәселен, Тереңсай асуындағы құрылыс осы қағазбастылық кесірінен 4 жыл тоқтап қалған болатын.

Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- Жер учаскесін рәсімдеу уақытын мерзімін қысқартса деп ойлаймыз, өйткені ондай жағдай көп. Мысалға айта кетсек, Ұлттық паркпен барлық республикалық автомобиль жолдары өтеді. Сол жерде қиындықтар туындайды. Жобамыздың мерзімін қысқартуға тура келеді.

Бірнеше министрліктен рұқсат алу кейде ондаған жылға созылады. Осының салдарынан тіпті, бүтін бір елді мекендер «ауыл» мәртебесін ала алмай келді. «Қайыңды» мен «Комсомол» ауылдарының аумағы биыл ғана орман қоры территориясынан шығарылды. Енді желек ішімен өтетін иесіз тұрған электр желілерін мемлекет меншіге беру мәселесі де шешіліп жатыр.

Дамир Ерназар, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

- Бұрын бұл мәселе орман шаруашылығы комитетімен құзырлы орган келісімімен шешілетін. Қазіргі таңда бұл рәсім жеңілдеді. Қазір орман шаруашылығы инспекциясы келісімімен облыс әкімінің қаулысына енгіземіз.

«Дегенмен бұл шешімдер әлі де жеткіліксіз», - дейді мамандар. Сондықтан ерекше қорғалатын аумақты қолдану туралы заң жобасы Құрылтай отырысында қайта қаралар деген үміт те жоқ емес. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz