RU
Толық нұсқаға өту

СҚО-да 3,5 млн тонна астық жиналды

12.09.2026, 15:30 56

Солтүстік Қазақстан облысында егінге орақ түсті. Бүгінде шаруалар 3,5 млн тонна өнімді қамбаға құйып үлгерді. Жалпы биыл 4 жарым млн гектар алқаптан дәнді-дақылдар жинау жоспарланған. 

Биыл күзгі жиын-терім әдеттегіден екі аптаға ерте басталды. Бұған ерте келген көктем мен жаздың ыстық болуы себеп. Дегенмен диқандар рекордтық өнімге үміт артып отырған жоқ. Олар егістікті әртараптандыруға басымдық беруде. Мысалы, Есіл ауданындағы кәсіпорындардың бірі рапс егуді қолға алған. 

Александр Матеров, агроном:

- Былтырғыдай биыл майлы дақылдарға басымдық бердік. Негізінен 1000 гектарға жуық күнбағыс және 3700 гектарға рапс ектік. Қазір рапстың бір тоннасы үшінші сұрыпты бидайдың 2,5 тоннасының бағасымен тең. Оның үстіне бір тонна рапс өсіру астықтың 30-50 центнер өнімін алғаннан әлдеқайда оңай.

Солтүстік Қазақстан облысы екі жылдан бері майлы дақылдар алқабы бойынша елде көш бастап тұр. Әсіресе рапс, зығыр және күнбағыс көлемі едәуір ұлғайды. Жиналған өнімді сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 3 млн тоннадан асатын 45 элеватор жұмыс істейді. Оған шаруашылықтардың қоймаларын қосқанда 7 млн тоннаға жуықтайды.

Дәурен Тоққожинов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Элеваторларда астық қабылдау тәулік бойы жүргізіледі. Қазір 1 млн тоннаға жуық өнім қабылданды. Оның шамамен 60%-ы үшінші сұрыпты бидай. Астықты өңірлер арасында өнімділік бойынша біз ең жоғары көрсеткішке ие болып отырмыз. Гектарына 16,2 центнерден жиналуда. Әрине өнім көлемі бойынша былтырғы деңгейге жете алмаймыз.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының диқандарына мемлекеттік қолдау аясында 207 млрд теңге бөлінді. Қаражаттың басым бөлігі, яғни 130 млрд-тан астамы «Кең дала-2» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде берілді.

Нұрлан Жақыпбеков, Наталья Волкова, Төлеген Иманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz