Мұнда жеміс-жидектің сан түрі өседі. Оның ішінде алманың бірнеше сорты бар. Биыл жаз айлары қатты ыстық болды. Балалар жеміс ағаштарын қурап кетуден қорғап, бар күтімін жасады.
Еткен еңбектің нәтижесі жаман емес. Алма, алмұрт, шие, құлпынай мен таңқурайдан да мол өнім алды.
Жас бағбандар үшін қазір қауырт шақ. Балалар жыл бойы күтіп-баптаған алма ағаштарынан өнім жинап жатыр. Піскен алманы бұтаққа зақым келтірмей абайлап үзу керек. Бақтағы бұл жұмыс балаларға табиғатты аялауды, өсімдікке қамқор болуды үйретеді.
Айша Қайратова, оқушы:
- Бүгін біз піскен алмаларды жинап жатырмыз. Біздің бағымызда олардың отыздан астам түрі өседі. Олардың арасында ерте пісетін жазғы жолақтар бар. Әртүрлі сорттардың дәмін, хош иісін бақылау маған өте қызықты.
Экология және туризм орталығының тарихы тереңде. Аумағы 3,5 гектарды алып жатқан орталық өткен ғасырдың ортасында үйірме ретінде құрылған. Мұндағы алма ағашының сегіз түрін кезінде жергілікті селекционерлер шығарған.
Ахмет Қапашев Экология және туризм орталығының бөлім меңгерушісі:
- Бізде алманың түрлері өте көп. Олардың барлығы біздің климатқа бейімделген. Көпшілікке кеңінен танымал «Орал алмасы» өседі. Біз алманың көшеттерін көбейтумен де айналысамыз.
Орталықтағы жылыжайда сирек кездесетін өсімдіктер де өседі. Мектеп оқушылары қыста тропикалық, жазда дала өсімдіктеріне күтім жасайды. Ал бақта жеміс ағаштарының 200-ден астам түрі бар.
Әсия Қасенова, Экология және туризм орталығының үйірме жетекшісі:
- Күзгі жұмыстардың ең маңыздысы бұл алма жинау болып табылады. Бүгін біз тәрбиеленушілермен бірге алма бағына келіп алма жинап жатырмыз. Осы жиналған алмаларымызды сатамыз да, сол сатылған қаражатқа тұқым аламыз. Сонымен қатар біз күзде осы ағаштарға санитарлық жұмыстар жасаймыз. Яғни оларды кескіндейміз. Керек болған жағдайда калий, фосфор тыңайтқыштарымен тыңайтамыз.
Келесі жылға дайындық қатар жүріп жатыр. Құлпынай көшеттері егіліп, гүлдердің тұқымы жиналуда. Мұнда көпжылдық гүлдердің 70-ке жуық, біржылдық гүлдердің 40-қа жуық түрі өседі. Жиналған тұқымдар келесі көктемде егіледі. Жалпы Экология және туризм орталығына жыл сайын қала мектептерінен 3 мыңға жуық оқушы келеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #24KZ #Павлодар #күзгі өнім #бақша #алма сорты #бағбандық #оқушыларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz