RU
Толық нұсқаға өту

Әскери тәртіп пен отбасылық міндетті қатар алып жүрген жұп

12.09.2026, 17:13 48

Оқуда да қызметте де бірге келе жатқан әріптестер кейін отбасылық жұпқа айналды. Биыл Семейден Астанаға қоныс аударған Нысан әулеті өмірдің жаңа кезеңіне қадам басты.

Ерлі-зайыпты екеуі де Ұлттық қорғаныс университетіне оқуға түсті. 

Подполковник Тимур Нысан әскери мамандықты бала кезден таңдап қойған. Семейдегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында жедел кезекші болған офицер қазір елордадағы Ұлттық қорғаныс университетінде әуе қорғанысы күштерін жауынгерлік басқару бағыты бойынша білім алып жүр.

Тимур Нысан, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі:

- Бұл саланы, осы мамандықты таңдауымның себебі – әскери қызмет біздің отбасымызға тән. Атам – майдангер, әкем – әскери қызметші. Мен де офицер болдым. Жұбайым екеуміз Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарында қызмет етіп келеміз. Бұл мамандықты мен патриоттық қызмет деп білемін. Өйткені біздің басты міндетіміз – мемлекетіміздің егемендігін қорғау.

Тимурмен бірге оның жұбайы да білім алып жатыр. Медицина қызметінің майоры Назерке Нысан университеттің жан-жақты қамтамасыз ету факультетінде оқиды. Мамандығы дәрігер-терапевт.

Назерке Нысан, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі:

- Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Жолдасым екеуміз Қарулы Күштер қатарында қызмет етіп, еліміздің игілігі үшін еңбек етіп келеміз. Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Сонымен бірге әскери форма да маған әрдайым ұнайтын. Осы салаға келіп, екі арманымды бір арнаға тоғыстырдым.

Болат Оспанбеков, Ұлттық қорғаныс университеті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары:

- Бұл кісілер оқуға түскеннен бастап мен сұхбаттастым. Өте керемет отбасы, жан-жақты. Шығармашылық жағынан дамыған. Болашақта бұл отбасымен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Қоғамдық іс-шараларға қатыстырамыз.

Ал тұрмыстық өмірде бұл отбасының тіршілігі мүлде басқа. Ортақ шаруа мен сүйікті іске және шығармашылыққа басымдық береді.

Назерке Нысан, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі:

- Мен қызметте офицер болғаныммен, үйге келген кезде ата-енеме инабатты келінмін. Жолдасыма аяулы жармын. Сонымен қатар үш баланың анасымын. Үйдегі жұмысым мүлдем бөлек. Қосылып үй болғаннан кейін олардың басты міндеті – татулықты, мейірімділікті, қамқорлықты сақтай білу. Қызметімді де, жұмысымды да бірге алып жүруге тырысамын.

Семейден Астанаға қоныс аудару бұл отбасы үшін қиын болған жоқ. Мемлекет тарапынан баспанамен қамтамасыз етілді. Балалардың мектеп пен балабақша мәселесі де шешілді.

Тимур Нысан, Қр Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі:

- Салт-дәстүрімізді құрметтейтін, балаларын жақсы тәрбиелеп, сапалы білім беруге ұмтылатын қазақстандық отбасылардың біріміз деп ойлаймын. Балаларымыз еліміздің өркендеуіне үлес қосатын, Қазақстан Республикасының лайықты азаматы болса екен дейміз.

Биыл Нысандар отбасының шаңырақ көтергеніне 15 жыл толады. Астанаға қоныс аударып, жаңа ортада білім алу – олардың бұрыннан келе жатқан ортақ мақсаты еді. Ал оған қол ұстасып бірге жету әлдейқайда оңай. 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әсем Өтешева, Мерей Талап, Жанаман Ерғалиев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz