RU
Толық нұсқаға өту

Көпке үлгі болған Кернебаевтар әулеті

13.09.2026, 08:50 58

Қарағандыда көпке үлгі болып жүрген ғалымдар отбасы тұрады. Кернебаевтар шаңырағының негізін қалаушы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп, бірнеше ғылыми зерттеулер жазған.

Бүгінде оның ұлы мен келіні де ғалымдар. Сонымен қатар бес баласынан тараған немерелері де ата жолын қуып, ғылым-білімге ден қойған. Жақында бұл әулет «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. 

Әулеттің негізін қалаған Сапар Кернебаев пен мен Несібелді Түсіпбаеваның бірге ғұмыр кешіп жатқанына жарты ғасырдан асып кетті. Олардың тағдыр жолы Қарқаралыда мектеп қабырғасында тоғысқан. Кейін Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына бірге оқуға түскен. Оқу бітірген соң шаңырақ көтеріп, Қарқаралыға оралған.

Сапар Кернебаев, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Ол кезде үйіміз жоқ, баламыз балабақшада бағылмайды, барлығын бір апайға жалдап бақтырдық. Сол қиыншылықтар өте қиын болды. Оның барлығын біз шешуге тырысамыз. Бір-бірімізге ешқандай ашу көрсеткен емеспіз. 

Сапар Кернебаев саналы өмірін ауылшаруашылығына арнаған. Бірсыпыра  ғылыми зерттеулердің авторы. Ал зайыбы Несібелді ұзақ жылдар бойы бухгалтерлік қызмет атқарып, отбасының ұйытқысы болды. 

Несібелді Түсіпбаева «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Әрине екі адамның қосылып үй болып кетуі оңай шаруа емес, шыны аяқ шылдырамай тұрмайды дейді ғой. Бірақ адамда сол кездерде сыйластық болу керек. Жұмыс істеп жүріп бес бала өмірге келді. Оларды өсіріп, ер жеткізіп, тұрмысқа бердік. Алдында төрт қыз бала болатын, олар тұрмысқа шықты. Енді ең кішіміз – Айдын.

Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу бұл отбасы үшін өмірдің бұлжымас қағидасына айналған. Қазір Сапар Кернебаевтың ұлы Айдын әке жолын қуып ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүр. Зерттеу жобалары агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен заманауи технологияларды енгізуге бағытталған. Айдынның өмірлік серігі Айжан да ғалым. Ерлі-зайыптылар бірлескен зерттеулер жүргізеді.

Айдын Кернебаев, Сапар Кернебаевтың ұлы:

- Бұл алдымен әкемнен берілген қасиет деп айтамын. Әкеміз қаншама жыл бойы Қарқаралы ауданында агроном болып еңбек етті. Кейін өсімдікті қорғау мекемесінде басшылық жасады. Біз жас кезімізден егістік алқаптарды, мал шаруашылығын көріп өстік. 

Кернебаевтар әулеті ұлттық салт-дәстүрден, болмысынан ажырамай, оны ұрпақ тәрбиесінің маңызды бір бөлігі деп біледі. 

Алиана Сапар, Сапар Кернебаевтың немересі:

- Ата-әжем мені кішкентай кезімнен тәлім-тәрбиеге үйретіп, өнерге деген қызығушылығымды арттыра білді. Мысалы, атам менімен шахмат ойнауды жақсы көреді, сондықтан қазір де мен шахматты жақсы көремін. Ал әжем мені тігінге және де тоқуға үйретті. 

Ұлттық тәрбие мен білімді берік ұстанған мұндай отбасылар – елдің рухани тірегі. Жақында Кернебаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Енді олар Астанада өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz