Оралдық Татьяна Нюдлиева еңбектің арқасында ырысын еселеп, отбасылық кәсіпті жүргізіп отыр. Төрт баланың анасы ірімшік дайындайтын цех ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтыды.
«Шаңырақта бірлік пен қолдау болса, кез келген шаруаны дөңгелетіп әкетуге болады», - дейді ол.
Бәрі шағын ас бөлмеден басталды. Жеті жыл бұрын Татьяна ірімшік қайнатуды үйрену үшін, шеберлік сағатына қатысады. Кейін бала күтіміне байланысты демалыста отырғанда, алғашқы ірімшікті дайындайды. «Балаларымның таза, табиғи өнім жегенін қаладым», - дейді. Осылайша, үй жағдайындағы әуестік біртіндеп кәсіпке ұласты. Татьянаға жұбайы да жәрдемдескен.
Бауыржан Тәжмұқанов, қала тұрғыны:
- Бұл біздің алғаш айналысқан ісіміз еді. Кәсіпкерлікте тәжірибе болмағандықтан, қателік жіберген кездеріміз де болды. Өрлеу де, құлдырау да өтті басымыздан. Бірте-бірте тәжірибе жинадық. Вахталық тәсілмен жұмыс істесем де, барынша зайыбымның қасынан табылуға тырыстым. Қалада болған кезде үнемі көмектесемін.
Отбасылық бизнесті дамыту үшін мемлекет грант берді. Қаражатқа құрал-жабдық мен шикізат сатып алды. Жаңа жұмыс орындарын ашты. Тұрақты тұтынушылары да бар.
Татьяна Нюдлеева, кәсіпкер:
- Қазір кәсібіміз бір ізге түсті. Оған дейін маған енем де көмектесті, анам да қиыр шеттен арнайы келіп тұрды. Өйткені ірімшік қайнату – уақытпен санасатын үдеріс, оны сағаттап бағу керек. Тіпті, балаларым да қолғабыс етті, йогурт құтыларына жапсырма желімдеді. Бұл іс оларға қатты ұнайды. Қазір тіпті, дүкеннің ірімшігін жемейтін болды.
Татьяна балаларын да осы кәсіпке баулып, отбасылық бизнесті дамытуды көздейді. «Ең басты мақсатым – сапаны сақтап, тұтынушының талғамына қарай өнім шығару», - дейді ол.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап
Тегтер #24KZ #Орал #кәсіп #ірімшік #цех #отбасылық бизнесPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz