Талдықорғандағы колледж студенттері робототехника мен жасанды интеллектіні меңгере бастады. Кәсіптік оқу орнында еңбек нарығына қарай жаңа мамандықтар ашылды.
Оқу орнын тәмамдағанда түлектер үлкен зауыттар мен өндіріс орындарында жұмыс істей алады. Айта кетейік, кейінгі үш жылда Жетісу облысындағы кәсіптік білім беру мекемелерінде жаңадан 30 мамандық ашылды.
Биыл Талдықорғандағы колледжге зауыттарда қолданылатын құрылғылардың шағын үлгісі орнатылды. Қондырғылардың қалай жұмыс істейтінін студенттерге үйрету үшін ІТ орталықтың жетекшісі Назар Сәкенұлы Қытайға барып білім алып келген.
Назар Сәкенұлы, ІТ орталықтың жетекшісі:
- Мехатроника ең жаңа мамандықтардың бірі десек болады. Кез келген қалада, мемлекеттерде зауыттар автоматтандырылған роботтармен жүреді. Олар сол құрал-жабдықтарды жинап, программалап үйренеді де, сол зауыттарға роботтарды жөндеу бойынша жұмыс істесе болады.
Кәсіптік оқу орнында дрондар құрастырылып, ІТ саласына қажетті кадрлар оқытылады. Оған қоса биыл жаңа мамандық ашылып, жасанды интеллект техниктері даярлана бастады.
Жәнібек Тұрсынбекұлы, студент:
- Келешекте инженер болғым келеді. Қазір мен бағдарламалауды, жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйреніп жатырмын. Себебі болашақта сұранысқа ие мықты маман болғым келеді.
Шыңғыс Болатұлы, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры:
- Жасанды интеллект технигі білігін алып шыққаннан кейін ЖИ-мен жұмыс істейтін өндірісте немесе ІТ компанияларда толықтай қызмет атқара алады. Сол процестерге де икемдеп біз балаларды оқытатын боламыз.
Ал аймақтағы ауыл шаруашылығы колледжінде автоматтандырылған жүйелерге қызмет көрсету мамандығы ашылды. Жаңа кәсіптен бөлек студенттер ақпараттық технология, агробизнес және энергетика сынды бірнеше мамандықты меңгереді.
Малика Серікқызы, студент:
- Ең қажет оқу болғандықтан мен осы оқуға түстім. Мен осы мамандықтың пән мұғалімі болғым келеді. Балаларға физика, математиканы қалай осы мамандықтың иесі болу үшін осылай түсіп тұрған болатынмын. Қазақстанда электрик мамандары аз.
Шыңғыс Ерікұлы Көксу Ауыл шаруашылығы колледжінің директоры:
- Мал шаруашылығына көп көңіл бөліп, соған мамандық ашайын деп жатырмыз. Ол жерде зоотехник пен мал дәрігерін біріктіріп, трансформациялап, бір мамандық шығарайын деп жатырмыз. Қазан айында сондай жоба тұр.
Өңірде 27 колледж жұмыс істейді. Оқу орындарындарда 14 мыңға жуық студент білім алып жатыр.
Саят Батырбеков, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Былтырдан бері жоспарға сәйкес 11 колледжде 14 жаңа мамандық ашу болды. Биыл 11 колледжде 4 жаңа мамандық аштық. Сосын 10 мамандықтың материалдық техникалық базасын нығайттық. Келесі жылы дәл осылай 4 мамандық ашып, материалдық техникалық базасын нығайтуды жоспарлап отырмыз.
Кейінгі үш жылда Жетісу облысындағы колледждерде 30 жаңа мамандық ашылды. Соның нәтижесінде жастар еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптерді меңгеруге мүмкіндік алды.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #24KZ #Талдықорған #робототехника #колледж #студенттер #жасанды интеллектPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz