RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте мектеп ауласында экзотикалық құстар мекендейді

13.09.2026, 16:00 53

Шымкентте мектеп оқушылары экзотикалық құстар өсіруді қолға алды. №90 дарынды балаларға арналған гимназияда ерекше күтімді қажет ететін жапон және мысыр тауықтары, қырғауыл мен тауыс қолға үйретілді.

Сонымен қатар Қызыл кітапқа енген сирек ағаш көшеттері көбейтіліп жатыр. Игі бастама экологиялық мәдениетін арттырып, табиғатқа жанашырлықтың тамаша үлгісін көрсетті.

Мектеп ауласында экзотикалық құстар мекендейді. Оқушылардың дүниетанымын кеңейту үшін жапон және мысыр тауықтары, қырғауыл мен тауыс қолға үйретіліп, арнайы күтімге алынды. Енді білім қуған өрендер олардың тіршілік ету ерекшеліктерін зерттеп, өз қолымен азықтандырып жүр. 

Рамазан Сапаралы, оқушы: 

- Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде біздің мектебімізде олардың құйрықтарындағы қанаттары тербеліс жасаған уақытында өзара байланыс болып саналады. Олардың жиілігі 20 Герцке дейін жетіп отырады екен. Үй құстарының күтімдерін жасап, астын қопсытып, тазалап, қажетті суын, жемдерін, тамақтарын беріп отырамыз. 

Мектеп бағының флорасы да ерекше мақтанышқа айналды. Білім ордасының жанынан жас аграномдар жасағы құрылған. Экобелсенділер экологиялық жағдайды жақсарту үшін отыздан астам көшет түрін жерсіндіріп, 2500 ағашты жайқалтып өсірді. Олардың арасында жойылып кетудің алдында тұрған өскіндерді де кездестіруге болады. 

Айару Сапарбек, оқушы:

- Қарапайым ағаштардан бастап, осы қызыл кітапқа енген ағаштарға дейін бар. Мысалы, осы халықаралық табиғатта қорғау одағының қызыл кітабына енген ағаштардың бірі метасеквойя, калифорния ағашы бар, каштан ағаштары бар және неше түрлі алуан гүлдер бар. Биология пәнінен тыс өзіміз эко үйірмелерге қатысу арқылы осы ағаштарды күтіп баптаумен айналысамыз. 

Мөлдір Ғалымжанқызы, оқушы: 

- Екеуі егіз ұғым. Табиғатсыз адам, адамсыз табиғат болуы мүмкін емес. Сондықтан да екеуінің бір-бірімен үйлесімін біздің мектебіміз әдемі көрсетеді деп ойлаймын. Биология сабағын өтіп жатқан кезде, өзіміздің мектебімізде бар өсімдіктерді өткен кезде ішімізге бөлек сезім ұялайды. Себебі осындай ерекше мектепте оқып жатқанымызға мақтанамыз. 

Оқушылардың теориялық білімі тәжірибемен ұштасты. Осыдан кейін жас буынның ғылыми-зерттеу жұмыстары түрлі байқауларда топ жарып, табиғатты қорғау ісіне енгізіле бастады. 

Арман Орынбеков, №90 дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының директоры: 

- Оқушылардың деңгейіндегі жобалар жасалып, ол жұмыстар бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Ол үлкен нәтижесін берді. Түрлі сайыстарда, байқауларда үлкен жетістіктерге жетіп, орындар алды. 

Биыл мектеп өңірдегі үздік білім беру ұйымы ретінде танылды. Байқау қорытындысымен 68 млн теңгелік сертификат тапсырылып, материалдық-техникалық базаны одан әрі жетілдіруге мүмкіндік туды. Ал табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғауға баулитын игі бастама өзгелерге үлгі етілді. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz