RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен 10 медициналық нысан салынды

13.09.2026, 20:09 50

Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен шалғай ауылдарда 10 медициналық нысан салынды. 

Құрылыс жұмыстарына 1,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Атбасар аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтті. Онда тұрғындар үшін қандай жағдай жасалған? 

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Атбасар аудандық ауруханасының іргетасы 1970 жылы қаланған. Содан бері нысанға бірде бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Былтыр қайтарылған активтер есебінен 1 млрд-тан астам қаржы бөлініп, ғимарат толығымен жаңартылды. Енді медициналық мекеме ұжымы көршілес 5 ауданның халқына қызмет көрсетеді. 

Бір жылда ғимараттың қасбеті жаңартылып, ескі жабдықтары толық ауыстырылды.

Гүлжаған Исабекова, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Менің жолдасымның ауырғанына 25 жыл болды. Содан бері осы ауруханадан ем алып келеміз. Енді біздің мына аурухана жаңартылды. Біз ылғи Көкшетауға, Астанаға баратынбыз. Көбіне Астанаға. Өйткені балаларымыз сонда. Бәрін ақылы түрде өтейтінбіз.

Қайтарылған активтер есебінен бөлінген қаржыға емдеу мекемесінің техникалық базасы нығайтылып, заманауи қондырғылар алынды. Енді аудан дәрігерлері кейбір күрделі операцияны жергілікті жерде жасай алады.

Исмайыл Бөлтенов, Атбасар ауданаралық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

- Рентгенографиялық ангиограф қондырғысы орнатылды. Біз жаңа құрылғының көмегімен жүрек қан тамырларын, инсульт, инфракт сияқты ауруларды өзімізде емдейміз. Заманауи қондырғыны ақпан айында іске қостық. Осы уақытқа дейін 160 операция жасалды. 

Қазір ауруханана ғимаратына жапсарлас МРТ нысаны салынып жатыр. Оған да арнайы қордан 170 млн теңге бөлінді. Жаңа мекеме жыл соңына дейін іске қосылмақ. Жалпы облыс бойынша қайтарылған активтер есебінен 12 нысан бой көтерді. 

Азамат Байқуанышев, Құрылыс басқармасының басшысы:

- Нысандардың құрылысына 16 млрд-тан астам теңге бөлінді. Қазір барлығында жұмыс аяқталып, іске қосылды. Осы 12 нысанның екеуі спорт кешені болса, қалғаны медициналық мекемелер. 

Қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау саласында да бірнеше жоба жүзеге асырылды. Оған 11 млрд-тан астам теңге бөлінді. Нәтижесінде 20 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz