RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында жылыжайда жылына 1 млн көшет өседі

13.09.2026, 20:23 49

Қарағанды облысында жылына 1 млн-ға дейін қылқан жапырақты көшет өсіретін жылыжай салынып жатыр.  

Онда қолданылатын жаңа технология көшет күтіміне кететін уақытты екі есе қысқартады. «Жаңа әдіс бойынша жетілген өскін тез жерсінеді», - дейді мамандар. Болашақта жылыжай аумағын 80 гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. 

Жылыжай орман шаруашылығындағы көшет өсіретін арнайы алқаптың аумағында орналасады. Нысанда автоматтандырылған суару және микроклиматты бақылау жүйесі орнатылады. Бұл өңірдегі ормандарды қалпына келтіруге қажетті көшеттерді молынан өсіруге мүмкіндік береді.

Эдуард Крюков, Орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының инженері:

- Қазір тұрған жерімізде өндірістік кешен болады. Мұнда тұқымды дайындау, себу және басқа да жұмыстар жүргізіледі. Ал жанында жылыжай орналасады. Жылыжайдың артында көшет алқаптары болады. Яғни көшеттер жылыжайдан шыққаннан кейін осында әкелініп, табиғи ортаға бейімделеді.

Қазір құрылыс алаңын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Геодезистер нысанның нақты орналасатын жерін анықтауға кірісті. Құрылысты бір жылда аяқтау жоспарланған.

Мұхамеджан Махмутов, жоба жетекшісі:

- Қазіргі уақытта нысан орнын дайындап жатырмыз. Жоба бойынша өндірістік база және тамыр жүйесі жабық көшеттер өсірілетін жылыжай салу қарастырылған. Бұл орман алқабына қажетті сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. 

Ашық топырақта көшет шамамен екі жылда өссе, жылыжайда бұл мерзім екі есеге қысқарады. Сондай-ақ тамыры жабық болғандықтан кейін алқапқа еккен соң, тез жерсінеді екен. 

Мақсат Мұханов, Орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының директоры:

- Бұл жоба екі жылға есептелген. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Қазақстанда мұндай нысан үшінші рет салынуда. Біріншісі Семей орманында, екіншісі Көкшетауда құрылған.

Сонымен қатар көшет алқабын 80 гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қазір мұнда жылына 1,3 млн-ға дейін көшет өсіріледі. Алдағы уақытта өнімділікті арттырып, өңірдегі орман шаруашылықтарын толық қамтамасыз етуге күш салынып жатыр. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан 2 млрд ағаш егу жоспары аясында қолға алынды. 2027 жылға дейін облыста 2310 гектарға 7 млн көшет егіледі. Биыл көктемде 560 гектар жерге 2 млн-нан астам көшет егілді. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz