Биылғы жаз маусымында Қазақстанның республикалық маңызы бар ақылы жолдарымен 25,8 миллионнан астам сапар жасалды, деп хабарлайды «24KZ». Маусым мен тамыз айлары аралығында еліміздің 28 ақылы учаскесінде 25 818 167 көлік жүріп өту дерегі тіркеліп, тәулігіне орта есеппен 281 мыңға жуық көлік қозғалған.
Жаздың үш айындағы ең қарқынды бағыт - Алматы – Қонаев учаскесі болып, мұнда 4,3 миллионнан астам көлік тіркелді.
Екінші орында 2,68 миллион көрсеткішпен Шымкент – Өзбекстан шекарасы тұрса, үшінші орын 1,87 миллион көлік өткен Шымкент – Тараз учаскесіне тиесілі.
Сондай-ақ Тараз – Қайнар, Астана – Теміртау, Астана – Щучинск, Шымкент – Қызылорда және Қонаев – Талдықорған бағыттарында да трафик жоғары болды. Сұранысы ең жоғары он учаскенің өзінде 18,2 миллионнан астам көлік жүріп өтіп, бұл жалпы жазғы трафиктің шамамен 71 пайызын құрады.
Аталмыш көрсеткіштер ірі қалаларды байланыстыратын жолдармен қатар, Алматы – Қонаев, Астана – Щучинск, Щучинск – Көкшетау, Қарағанды – Балқаш және Үшарал – Достық сияқты туристік демалыс аймақтарына апаратын бағыттардың ішкі туризмнің негізгі көлік арналарына айналғанын айғақтайды.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының мәліметінше, автотуризмді дамыту мақсатында жолдарды салып, жөндеумен қатар сервис саласы да қатар дамытылуда. Қазіргі таңда республикалық трассалардың бойында жанармай құю станциялары, тамақтану орындары, қонақүйлер мен санитарлық нысандарды қамтитын 1,5 мыңға жуық сервис нысаны жұмыс істейді.
Сонымен қатар заманауи үрдістерге сай жол бойында электр көліктеріне арналған 60-тан астам электр қуаттау станциясы орнатылып, бұл электромобильдермен қалааралық сапарға шығуға қолайлы жағдай туғызып отыр.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz