RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қандас мәртебесін алатындар ҚАЗТЕСТ тапсырады

14.09.2026, 10:47 62

Қандас мәртебесін алуға немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеуге ниетті азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейі ҚАЗТЕСТ арқылы анықталады. Тестілеу көші-қон әлеуетін критериалды бағалау рәсімдерінің бірі ретінде онлайн форматта жүргізіледі, деп хабарлайды «24KZ».

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ҚАЗТЕСТ қазақ тілін терең меңгеруді талап ететін күрделі емтихан емес. Тапсырмалар адамның күнделікті өмірде қазақ тілін түсінуіне және қарапайым қарым-қатынас жасауына қажетті дағдыларды бағалауға бағытталған.

Тест екі бағыттан тұрады. Қатысушылар тыңдалым және оқылым бойынша барлығы 60 тапсырма орындайды. Оған 1 сағат 10 минут беріледі.

Сұрақтар күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға негізделген. Негізгі назар қазақ тіліндегі ақпаратты тыңдап түсінуге және оқылған мәтінді қабылдауға аударылады.

Тест форматына алдын ала дайындалғысы келетіндерге бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындық қарастырылған. Онда қатысушылар тестілеу тәртібімен танысып, жаттығу тапсырмаларын орындай алады.
Қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаған жағдайда тесті қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде екі ретке дейін қайта тапсыруға болады.

Тестілеу прокторинг жүйесі арқылы өтеді. Сондықтан тесті бастамас бұрын камера мен микрофонның жұмысын, сондай-ақ интернет байланысының тұрақтылығын тексеру қажет.
Тест нәтижесі үш жұмыс күні ішінде беріледі.

Еңбек министрлігі ҚАЗТЕСТ-тің негізгі мақсаты – үміткердің мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдану деңгейін және қазақ тілінде қарапайым қарым-қатынас жасауға дайындығын бағалау екенін атап өтті.
Тестілеу тәртібі туралы толық ақпаратты Testcenter.kz және migration.enbek.gov.kz ресми ресурстарынан алуға болады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz