Жемқорлармен күрес тоқтамақ емес. Мемлекеттің ақшасын жымқырып, шетел асқан тағы бір азамат елге қайтарылды. Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Интерпол қызметкерлерінің арқасында қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Күдікті субсидияларды қалтаға басып, Грузияны паналаған. Оған 2020-2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген қаражатты жымқыруды ұйымдастырған деген айып тағылып отыр. Осы арқылы күдікті мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге 238 миллион теңгеден астам залал келтірген. Оған мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Айта кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-еуі мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін іздеуде болған.
Саян Абденов, Бас прокурордың аға көмекшісі:
- Тергеу нұсқасы бойынша күдікті 2020-2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асыл тұқымды ірі қара малды сатып алу туралы жалған шарттарды және өзге де жалған құжаттарды пайдаланып, солардың негізінде жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған.
Тегтер #мемлекеттік субсидия #күдікті #жемқорлықпен күрес #ақша #Грузия #ауыл шаруашылығы #қаржы #жәбірленуші #жаза #экстрадициялау
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz