Ақтөбе облысының мектептері жаңа оқу жылында 500 жас педагогпен толықты. Оның 145-і еңбек жолын ауыл мектептерінде бастауға ниетті. Сала мамандарының айтуынша, биыл өңірдегі педагог тапшылығы толықтай жойылған.
Тамирис Нагидулинаның Алға ауданындағы өзі білім алған мектептің ұстазы атанғанына 10 күннен асты. Жоғары оқу орнын математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітірген түлек конкурсқа түспей-ақ жұмысқа қабылданған. Кәсіби еңбек жолын туған өлкесінде бастаған жас маман бала оқытумен қатар, өзі де магистратурада білім алып келеді. Болашақта білімді әрі жан-жақты шәкірт өсіруді мақсат тұтқан.
Тамирис Нагидулина, Алға мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Алдағы уақытта мақсатым – оқушыларды олимпиадаларға дайындау, және өзім кәсіби дәрежелігімді көтеру. Қазір оны көрсететін түрлі технологиялар бар. Сол арқылы оқушыларды түрлі әдістермен қызықтыруға болады.
Күні кеше жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандарға білікті ұстаздар жетекшілік етеді. Сабақ жоспарын құру, көрнекі құралдарды ұтымды пайдалану, оқушы және ата-анамен ашық-жарқын қатынас орнатудың қыр-сырын үйретеді.
Ілия Қарабекова, Алға мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Қазіргі жас мамандар өте білімді, білікті, жан жақты келеді. Жас мамандар интерактивті құралдарды жақсы қолдануға бейім болып келеді. Олар ЖИ құралдарды қолдану сияқты жақсы бағдарламалармен келеді.
Биыл Ақтөбе облысындағы жоғары және арнаулы білім беретін оқу ордаларын 3500-ден астам мұғалім маман тәмәмдады. Педагогика саласында тер төгіп, шәкірт тәрбиелеуге бел шешкен жастарға өңірдегі оқу ордаларында еңбек жолын бастауға жағдай жасалды.
Нұргүл Бертілеуова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Шағын жинақты мектептерге ешбір конкурссыз тікелей қабылданады. Ал мына GPA көрсеткіші 3, 4-тен жоғары үздік бітірген түлектердің барлығы конкурстан тыс тікелей қабылданып отыр. Ал қалған мамандар, әрине қолданыстағы қағидаға сәйкес конкурспен қабылданды.
Биыл Ақтөбе облысындағы білім ордаларына 500 жас маман келді. Олардың 145-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс орнын тапты. Шалғайдағы балаларды оқытуға бел шешкен жастарға бір жолғы көтерме жәрдемақы мен баспана сатып алуға жеңілдіктер қарастырылған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов
Тегтер #24KZ #Ақтөбе облысы #педагог #маман тапшылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz