Алматының туризм саласына салынған инвестиция көлемі соңғы сегіз жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Биыл жеті айда туризм саласындағы негізгі капиталға 137,8 млрд теңге инвестиция тартылды.
Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 37 %-ға жоғары. Қаражаттың басым бөлігі жолаушылар тасымалы, қонақ үй және демалыс нысандарына бағытталған.
Алматы туристер үшін жыл 12 ай тартымды. Әзірге шаңғы тебу басталған жоқ. Дегенмен шетелдік қонақтарға таудағы демалыстың өзге түрлері ұсынылған. Атап айтқанда, тарих қойнауында қалған көшпенділер өмірін, ат құлағында ойнаған алыптарды Алматының іргесінен көруге мүмкіндік бар. Отандастарымыз бен шетелдік туристердің сүйікті демалыс орнына айналған жерде киіз үйде тамақтанып, таза ауада серуендеп, тіпті балық аулауға болады. Медеу ауданындағы шатқалда орналасқан бұл демалыс орнына қарбалас тіршіліктен қолы қалт еткендер жиі келеді. Әсіресе атқа мініп, тақым қысудың қызығы басым. Жылқының сырын білетін шабандоздар білгенін үйретеді. Ал көшпенділер шоуы – отандық туристердің рухын көтеріп, шетелдік қонақтарға таңдай қақтырары сөзсіз. Теңге ілу мен аударыспақ, ат үстіндегі шалт қимылдар бәрі осында.
Жандос Тілеубай, демалыс орнының қызметкері:
- Көбінесе бізде юрталарға келеді және мына жақта көкпар бар, аренасы, програмасы бар. Олар біздің тарихқа қызығады, одан бөлек консультация жүргіземіз. Келген әрбір қонаққа, құрылым жайлы, этноорталық жайлы. Киіз үйдің құрылымын білмейді, ол не үшін домалақ деген сияқты. Бізге Еуропа мемлекеттерінен көп келеді, яғни Германия, Англия, Италия. Ұлттық тағамға тапсырыс береді.
Қолөнер шеберлері де туризм саласында әжептеуір табыс тауып отыр. Ұлттық нақышта жасалған кәдесыйларға сұраныс жақсы. Ал Алматының әсем жерлерінде түсірілген фотосуреттер шетелдегі талай үйдің төрінде тұрғаны анық.
Мұса Мұхаммедали, фотограф:
- Біз киімдерімізді прокатқа беріп, фотоға түсіреміз. Бізден өздері келіп, суреттерін алып кетеді. Иә, кәдімгідей түлкі тымақтарға қызығады. Олар киініп түскенді жақсы көреді. Қазір бізде өткен жылдардан, жыл бойынша турситер саны көбейіп жатыр.
Мұндай демалыс түрлері тау туризмінің айналасындағы экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Ірі нысандармен қатар түрлі жабдықтарды жалға беру орындары, дәмханалар, гидтер, қонақ үйлер мен басқа да шағын кәсіпкерлерге сұраныс артып келеді. Ал мамандардың айтуынша, тау туризмі өңірге қомақты табыс әкелетін бағыттардың біріне айналып отыр. «Almaty Super Ski курортының да экономикаға қосатын үлесі қомақты болады», - дейді жоба авторлары.
Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism Development» АҚ бас атқарушы директоры:
- Тау шаңғысы туризмі – жақсы табыс әкеледі. Халықаралық статистикаға сәйкес мұндай турист күніне 300-400 еуро жұмсайды. Курорт ашылған кезде 5 мың адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Өйткені мұндай курорттың айналасында көптеген бизнес түрі дамиды. Бұл тек қонақ үй мен жатын орындар ғана емес. Тамақтану орындары, жабдықтарды жалға беру қызметтері, сондай-ақ туристер сатып алатын кәдесыйлар мен түрлі тауарлар нарығы қалыптасады. Яғни жаңа кәсіп түрлері пайда болады.
Жауапты мамандардың сөзінше мегаполистің туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 140 млрд теңгеге жуық. Бұл соңғы жылдардағы туризмге салынған рекордытық қаражат дейді.
Ақбота Сақұлова, қалалық Туризм басқармасының баспасөз қызметкері:
- Инвестиция тек қана қонақ үйге емес, одан бөлек жолаушылар тасымалына, көлікке және де демалыс және ойын-сауық орындарының ашылуына тартылып жатыр. Яғни Алматыда туризм саласында тек қана бір бағыт емес, бірнеше бағыт бірдей қатар дамып жатыр деп айтсақ болады. Қонақ үй саласында да өсімді байқауға болады. Биылғы жыл жеке инваестиция көлімінен 23 жаңа қонақ үй ашылды. Алдағы жылы 87 қонақ үйді ашу жоспарда бар.
Инвестициямен бірге туристтердің географиясы да кеңейген. Мегаполиске Ресей, Қытай, Үндістан, Орталық Азия елдері, Еуропа мен АҚШ-тан келетін қонақтар саны артып отыр.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Радик Жакупов, Эдуард Кон
Тегтер #24KZ #Алматы #туризм #инвестиция #курорт #демалыс орныPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz