RU
Толық нұсқаға өту

Бес тілде еркін сөйлейтін Владислав Тен шетелдіктерге қазақша үйретеді

15.09.2026, 09:10 84

Қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдік көп. Бес тілде еркін сөйлейтін Владислав Тен осылай дейді. Владиславтың өзі бірнеше жылдан бері өзгелерге қазақ тілін үйретіп жүр. Оның айтуынша, біздің тілді меңгеруге ниеттілердің көбеюіне бірнеше себеп бар. Ол қандай себеп?

Владислав Теннің ұлты – корей, Өзбекстанның тумасы. Ташкентте орыс мектебінде орысша оқыды. Жоғары оқу орнын да осы тілде тәмамдаған. Кейін яғни осыдан 16 жыл бұрын біздің елге қоныс аударып, қазақ тілін еркін меңгеріп алды. Қазір өз білгенін отандастарымыздан бөлек, шетелдіктерге де үйретіп жүр.

Владислав Тен, тіл үйрету маманы:

- Шетелдік шәкіртіміз, олар Димашты жақсы көреді. Димаш Құдайбергенді. Оның шығармашылығын біледі. Сондықтан олар айтады, біз Димашты оның ана тілінде сөйлейтінін түсінгіміз келеді деп қазақ тілін үйрене бастайды.

Ал Владиславтың шәкірті Николай Ресейдің Санкт-Петербургінде дүниеге келген. 4 жылдан бері Қазақстанда тұрады. Келе сала тілді меңгеруге ден қойған. Өз мамандығы – психолог. Және шахматтан дәріс өткізеді. «Адаммен тығыз жұмыс істейтіндіктен, тілді үйрену өте қажет болды», - дейді ол.

Николай Маевский, полиглот:

- Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеу ұят қой. Егер мен Қазақстанда тұрғым келсе, онда мен қазақ тілін білуім керек деп ойлаймын. Мен Қазақстанда тұрақты түрде тұрғым келеді. Менің жоспарым – осы жерде психологиялық сала бойынша жұмыс істеу.

Владиславтың айтуынша, тіл меңгергісі келетін шетел азаматы көп. Олар бұл жақта тұрмайтындықтан, сабақты көбіне онлайн өткізеді. Және соларға арнап, орыс тілінде қазақша үйрететін оқулық жазып шықты. Ал келесі жылы бұл кітабын ағылшын тілінде жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. 

Владислав Тен, тіл үйрету маманы:

- Тек қана қазақстандықтар емес, бүкіл әлем Димаш арқылы ма, басқа мақсатпен ба қазақ тілін білгісі келетіндерге біз ағылшын тілі арқылы оны осы кітаппен таныстырғымыз келеді. Осылайша осы кітапты қазақ тілін біз әлемдік деңгейге шығарамыз.

Владислав сабақты тегін өткізбейді, әрине. Бірақ ақшасы болмаса да, тіл үйренуге құштар жан табылып жатса, тегін де оқытатыны бар. Себебі кез келген қазақстандық, соның ішінде өзі де мемлекеттік тілдің беделін көтеріп, дәріптеуге тиіс деп санайды.

Авторы: Нұрқанат Қанапия, Мұхаметәли Тілдебаев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz