Ақмола облысының шаруалары 1 млн тоннадан астам шөп жинады. «Бұл өңірдегі малдың қыстан қоңды шығуына жетеді»,- дейді мамандар. Жем-шөп жинау науқаны жалғасып жатыр. Биыл жазда күн райы қолайлы, шөп шүйгін болды. Бұл мал азығының бағасына қаншалықты әсер етеді?
Атбасар ауданындағы мына шаруашылықта мың бас мал бар. Қыстан қысылмай шығару үшін мың жарым тонна шөп қажет. Биыл шөп шүйгін шығып, шаруашылық иелері азықты молынан дайындаған.
Олег Дашевский, шаруа қожалығының қызметкері:
- Біз биыл 2 мың 300 тонна шөп жинадық. Бұл бізге алдағы екі жылға жетеді. Өйткені бізде әлі 2024-2025 жылдары жиналған мың жарым тонна қорымыз бар. Алдымен төрт түлікке сол азықты береміз. Даладағы барлық шөпті уақытында әкеліп алдық. Енді жем дайындауға кірісеміз.
Биыл жаздағы күннің ыстығы шөптің шығымына ерекше әсер еткен. Ауыл тұрғындары «шөп көп болған соң, баға да өскен жоқ» деп қуанып отыр. Мәселен, бір орама шөп бағасы шамамен – 10-12 мың теңге.
Болат Шәйменов, Айдарлы ауылының тұрғыны:
- Биыл, міне, 20 тюк шөп алдым. Былтырғы баға. Енді тағы сабан аламын. Қалыпты баға деймін. Енді аман-есен қыстан шығуға жазсын.
Өңірдегі төрт түліктің саны 1 млн 200 мыңнан асады. Оған 1,4 млн тонна шөп қажет. Қазір облыс бойынша мал азығының 90 пайызы әзірленген. Жалпы аймақтағы асыл тұқымды мал ұстайтын қожалықтарға жем-шөп жинауда мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Нұрбек Бадырақов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Мал азығына байланысты қолдаулар бұл. Малды асылдандырған жағдай да сол алынған төліне байланысты 10 мың мен 5 мың теңгенің көлемінде азықтық қорын аздандатуға қаржы қарастырылады. Бұдан бөлек, сүт үшін де, сүт тауарлы фермаларына өндірген сүт үшін де, сол шығынын азайту мақсатында литріне шаққан да 50 теңгеден, 15 теңгеден әр малдың басына байланысты мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп отыр.
Өңірде мал азығын жинауға мың жарымға жуық техника жұмылдырылды. Қазір шаруалар сабан және сүрлем дайындау науқанын аяқтап қалды. «Өйткені қысы қатты аймақта жем-шөптің көптік етпесі анық», - дейді олар.
Авторы: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #шаруа #мал #жем шөп #мал азығы #ауыл шаруашылық #Ақмола облысы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz