Қаладағы әрбір жылы баспана мен сөнген сәуле артында тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін күрделі өндірістік жүйе мен қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегі тұр. Елордамыздың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған «Астана-Энергия» акционерлік қоғамының орны ерекше. «24KZ» тілшісі осы кәсіпорынның маңызды буынында еңбек етіп жүрген ЖЭО-2 қазандық цехының аға машинисі Асхат Жандәулетпен сұхбаттасып, өндірістің тыныс-тіршілігі мен маманның күнделікті жұмысы туралы кеңінен сұрап білді.
- Асхат, бұл мамандыққа қалай келдіңіз? «Астана-Энергия» кәсіпорнындағы жолыңыз туралы айтып берсеңіз.
Бала кезімнен техникаға деген қызығушылығым ерекше болды. Қарағанды техникалық университетін тәмамдаған соң, «Астана-Энергия» кәсіпорнына ЖЭО-2 қазандық цехына айналма жол жұмысшысы болып орналастым. Уақыт өте келе өндіріс тілін түсініп, тәжірибе жинақтай келе машинист болдым. Міне, осы кәсіпорында табан аудармай еңбек етіп жатқаныма 11 жыл болды, ал соңғы екі жылдан бері қазандық аға машинисі қызметін атқарып келемін.
- Өндіріс саласына жастардың келуі сирек кездеседі деген пікір бар. Жалпы, бұл мамандықтың тыныс-тіршілігі қандай?
Шынында да, мұндай салаға әрбір жас келе бермейді. Бұл жерге техниканы түсінетін, әрқашан жаңаны үйренуден жалықпайтын және қиындықтан қаймықпайтын жандар келеді. Өйткені біздің жұмыста бір күн екінші күнге ұқсамайды. Бүгінгі ауысымдағы жұмыс қарқыны ертеңгісінде мүлде басқаша болуы мүмкін. Өндіріс ошағы болған соң, кейде күтпеген апаттық жағдайлар да орын алады. Міне, сол сәтте саспай, дұрыс әрі жылдам шешім қабылдай білу керек. Жұмысымның қызығы да, құпиясы да осында -әр күнім жаңа тәжірибе мен үлкен сынақ.
- Жұмыс күніңіз әдетте неден басталады? Ауысымды қабылдап алу барысында нені басты назарда ұстайсыз?

Жұмыс барысы әдетте ауысымды қабылдап алудан басталады. Алдыңғы ауысымнан қазандықтың және оған қатысты қосалқы жабдықтардың жағдайы туралы толық ақпарат аламыз. Қандай дa бір ескертулер, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары немесе ақаулар бар ма - бәрін жіті нақтылап аламыз.
Содан кейін негізгі технологиялық көрсеткіштерге көшеміз: қысым, температура, су деңгейі және басқа дa маңызды параметрлер тексеріледі. Жабдықтардың жұмысын тек аспаптар арқылы емес, көзбен дe шолып шығамыз. Себебі біздің сала кез келген ұсақ өзгеріске немқұрайлы қарауды кешірмейді.
- Бір ауысым кезінде нақты қандай міндеттерді орындайсыз? Технологиялық үрдіс қалай жүреді?
Ауысым бойы қазандықтың жұмысын тұрақты бақылауда ұстаймыз. Бақылау-өлшеу аспаптарының көрсеткіштерін үздіксіз қадағалап отырамыз. Заманауи өндіріс болған соң, қазіргі таңда кәсіпорын 100 пайыз автоматтандырылған деуге болады. Дегенмен, технология қаншалықты дамыса да, адамның көзбен көріп, қолмен ұстап, тікелей қадағалауын қажет етіп тұратын тұстар әрдайым болады. Автоматика бәрін реттейді, бірақ шешуші сәтте мамандардың бақылауы мен тәжірибесі ауадай қажет.
Жұмыс процесіне тоқталсақ, алдымен мазут қолданылады - мазутты жағып, қыздырып аламыз. Содан кейін конвейер арқылы көмір келіп түседі. Бізде жалпы 8 қазандық жұмыс істейді. Оның екеуі - жаңартылған заманауи қазандықтар, оларда жылыту маусымы кезінде сағатына 120 тонна көмір жағылады. Ал қалған 6 қазандықтың әрқайсысы сағатына 71 тонна көмір тұтынады.
Бұдан бөлек, сорғылардың, желдеткіштердің және басқа дa маңызды механизмдердің жұмысын үнемі тексеріп отырамыз. Егер қандай дa бір көрсеткіш ауытқыса, дер кезінде себебін анықтап, тиісті шара қолданамыз.
- Қазандық цехын станцияның «жүрегі» деп жатамыз. Сіздің жұмысыңыздың қала тұрғындары үшін маңызы қандай?
Иә, қазандық цехын станцияның жүрегі деуге толық негіз бар. Себебі біздің жұмысымыздың нәтижесі қала тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Станцияның тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі - әрбір үйге берілетін жылу мен ыстық судың кепілі. Біздің ең негізгі міндетіміз - қаланы тұрақты түрде жарық пен жылумен қамтамасыз ету. Биылғы жылыту маусымына сақадай сай дайынбыз. Әдетте жылыту маусымы 15 қазаннан бастап беріледі, бірақ біз сыртқы ауа температурасына қарай бақылап, жағдайға қарай әрекет етеміз.
Көпшілік тұрғындар пәтеріне жылудың қалай келетінін, оның артында қаншама күш жатқанын ойлай бермейді. Ал оның артында тәулік бойы, 24/7 режимінде тынымсыз еңбек ететін мамандар тұр. Сондықтан біз өз жұмысымыздың қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін түсінеміз. «Көрінбейтін майданның жауынгерлері» сияқтымыз біз, - деп күлді Асхат.

- Бұл мамандықтың ең үлкен жауапкершілігі мен күрделі тұстары неде? Төтенше жағдайлaрдa шешімді қалай қабылдайсыз?
Ең басты жауапкершілік - қауіпсіздік пен жабдықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Біз жоғары температура мен жоғары қысым жағдайында жұмыс істейміз, сондықтан мұнда салғырттыққа немесе әлсіздік танытуға хақың жоқ. Қауіпсіздік ережелерін сақтау - бірінші орында.
Күрделі немесе апаттық жағдай туындаған кезде ең бастысы - сабыр сақтап, жағдайды дұрыс бағалай білу. Біз қатаң белгіленген нұсқаулықтар мен алгоритмдерге сәйкес әрекет етеміз. Сонымен қатар, ауысымдағы әріптестерімізбен өзара байланыстың үйлесімді болуы маңызды рөл атқарады. Бұл жер - тек мықтылар қалатын орын, бәрін меңгеру тек тәжірибемен келеді.

- Жұмыстағы ең қуанышты немесе сізді мақтан сезіміне бөлейтін сәттер қандай?
Мен үшін ең үлкен қуаныш - ауысымның тыныш әрі штаттық режимде өтуі. Барлық жабдық мінсіз жұмыс істеп, алдымызға қойылған міндеттер толық орындалса, сол күнді сәтті өтті деп есептеймін.
Ал егер күтпеген күрделі жағдай орын алып, оны дер кезінде байқап, дұрыс шешім қабылдау арқылы жабдықтың қалыпты жұмысын сақтап қалсақ, бұл ерекше қанағат сезімін сыйлайды. Өз жұмысыңның нақты нәтижесін көру- үлкен мақтаныш.
Жыл сайын біліктілігімізді арттырып, жаңа разрядтар алып отырамыз. Мысалы, менің қазіргі разрядым - 8-ші. Мұнда бәрі адамның алғырлығы мен қабылдауына байланысты. Сол разрядқа қарай жалақы мөлшері дe өсіп отырады.

- Осы салаға келгісі келетін жас мамандарға не кеңес берер едіңіз?
Жас мамандарға айтарым - еңбектен қорықпаңыздар, үнемі ізденіп, үйренуден жалықпаңыздар. Бұл сала үшін тәжірибенің орны бөлек. Аға буын мамандардың кеңесін тыңдап, әрбір технологиялық үрдістің мәнін түсінуге тырысу қажет. Жауапкершілік, ұқыптылық, тәртіп пен сабырлылық - әрбір энергетикке қажетті негізгі қасиеттер. Ең бастысы – өз жұмысыңды ұнату.
- Ауысым аяқталған соң үйге қайтқанда ең бірінші не ойлайсыз?
Ауысымнан кейін, әрине, шаңыраққа тезірек жетіп, отбасыммен, жақындарыммен уақыт өткізгім келеді. Жұмыстағы барлық шаршауды отбасы ортасына келгенде ұмытасың. Дегенмен, кейде ауысымда болған сәттерді ой елегінен өткізіп: «Бәрін дұрыс жасадым ба, бір жерде назардан тыс қалған дүние жоқ па?», - деп ойланып жүретінім бар.
Ал алдағы жоспарыма келсек, кәсіби тұрғыда өсіп, одан әрі қарай көтеріліп, өз үлесімді қоса берсем деймін. Осы таңдаған жолымнан таймай, еңбегімді жалғастыра беремін.
Тегтер #Астана #АстанаЭнергия #ЖЭС #24жаңалықтар #24KZ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz