RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда тіркелген мотокөлік саны бір жылда 26%-ға өсті

15.09.2026, 17:24 48

Қазақстанда A1 санатына жататын тіркелген мотокөлік саны бір жылда 26,3%-ға артқан. Шілде айының соңында ел бойынша мұндай көліктердің саны 55,5 мыңға жетті, деп хабарлайды 24KZ.

EnergyProm мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйек айының соңында Қазақстанда A1 санатындағы 43,9 мың көлік тіркелген. Биыл қаңтар-сәуір айларында бұл көрсеткіш 47,7 мыңға дейін өскен. Мамырда 46,6 мыңға дейін төмендегенімен, кейін қайта қарқын алған. Маусымда олардың саны 52,6 мыңға, шілдеде 55,5 мыңға жетті.

A1 санатына мотоциклдер, трициклдер, квадроциклдер және белгілі бір техникалық талаптарға сай мопедтер жатады.

Көлік санының өсуіне мопедтерді міндетті тіркеу талабы да әсер етіп отыр. 2025 жылғы 5 сәуірден бастап Қазақстанда мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Оларды пайдалану үшін тіркеу, техникалық байқаудан өту, сақтандыру полисі және A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігі қажет.

Мотокөлік ең көп Алматыда тіркелген

Шілде айының соңындағы мәлімет бойынша A1 санатындағы көліктер ең көп Алматыда тіркелген – 10,7 мың. Алматинская облысында – 7,3 мың, Ақмола облысында – 4 мың көлік бар.

Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген – 371 көлік. Маңғыстау, Қызылорда және Атырау облыстарының әрқайсысында шамамен 1,1 мың мотокөлік бар.

Жыл басынан бері A1 санатындағы көліктер саны барлық өңірде өскен. Ең жоғары өсім Ақмола облысында байқалды – 67,4%. Жамбыл облысында көрсеткіш 34,3%-ға, Астанада 31,8%-ға артқан.

Мопед қатысқан жол апаттары да бар

Алматы қаласының Полиция департаменті мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері қалада мопедтердің қатысуымен 190 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан бір адам қаза тауып, 196 адам жарақат алған.

Осы кезеңде мопед жүргізген 5,2 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал мыңға жуық көлік айыппұл тұрағына қойылған.

Полицияның айтуынша, мопедтерді міндетті түрде тіркеу басталғаннан кейін жүргізушілердің тәртібі де жақсара бастаған. Бұған мемлекеттік нөмірдің енгізілуі, техникалық байқау, көлік құжаты мен сақтандырудың міндетті болуы әсер еткен.

Мотокөліктің басым бөлігі – жаңа

Қазақстандағы A1 санатындағы мотокөліктердің 72,2%-ы, яғни 40,1 мыңы үш жылдан аспайтын көліктер. Тағы 7,5 мыңының жасы 3 жылдан 7 жылға дейін.

Осылайша, елдегі тіркелген мотокөліктің шамамен 86%-ы жеті жылдан аспайды.

Жанармай түрі бойынша көліктердің басым бөлігі бензинмен жүреді. Олардың саны 50,4 мың немесе жалпы парктің 90,9%-ын құрайды. Электр қуатымен жүретін 5 мыңға жуық мотокөлік бар.

Қозғалтқыш көлемі бойынша A1 санатындағы көліктердің басым бөлігі 1,5 мың текше сантиметрге дейінгі топқа жатады. Бұл санатта 55 445 көлік тіркелген.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz