«Кендірлі» әуежайының құрылысы 49 пайызға аяқталды. Әуе айлағын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Нысан іске қосылғаннан кейін Маңғыстаудан ішкі және халықаралық бағыттар бойынша жаңа рейстер ашылады. Бұл өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация әуежайдағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қазір құрылыс алаңында жолаушылар терминалы, материалдық-техникалық қойма және басқа да маңызды нысандар салынып жатыр. Әуежай ашылғаннан кейін Кендірлі курорттық аймағына өңірлерден тіке әуе рейстері ашылады. Халықаралық бағытта Баку, Астрахань және Нөкістен ұшақ қатынайды деп күтіледі.
Ерасыл Мұсағалиұлы, мердігер мекеме инженері:
- Төрт кезеңге бөлінген әуежай құрылысы. Бірінші кезеңі бойынша 95%-ға, сыртқы инженерлік желілері бойынша жұмыстары аяқталып жатыр. Ұшу-қону жолағы 90 пайызға келіп қалды. Соңғы қабаты қалды. Үшінші және төртінші кезеңдері бойынша ғимараттардың каркасы толық қаланды. Сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы жұмысты жылдың соңына дейін аяқтауды жобалап жатырмыз.
Газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр
Үкіметтік делегация Жаңаөзенде салынып жатқан газ өңдеу зауытының құрылысымен де танысты. Жаңа кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталады. Жылына 900 млн текше метр табиғи және ілеспе газ өңдейтін зауыт 2027 жылы іске қосылады.
Орақ Аяпов, бас инженер:
- Осы құрылыс алаңында екі жүздің үстінде адам жұмыс жасап жатыр. Енді бұның жалпы құны – 544 млрд теңге. Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасына осы зауыттың барлық керек барлық құралдарына тапсырыс берілген. Жалпы келесі жылдың маусым айында барлық қондырғылар осы жерге келіп, монтаждалуы керек.
Сауда портының өткізу қабілеті артты
Каспий теңізімен шектесетін Маңғыстау облысының көлік-логистикалық көрсеткіштері қарқынды өсіп келеді. Мәселен, Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 млн тоннаны құраса, Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тоннаға жетті. Алғашқы кезеңі биыл наурызда пайдалануға берілген Ақтау халықаралық контейнерлік хабы жылына 240 мың жиырма футтық эквивалент контейнер өңдейді. Айта кетсек, теңіз инфрақұрылымын дамыту жобалары Каспий айдыны арқылы өтетін жүк тасымалын ұлғайтып, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік әлеуетін арттыруды көзделуде.
Ғалым Айтжанов, «Ақтау Халықаралық Теңіз Сауда Порты» ҰК басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- Өткен жылы 4 млн 909 мың тонна жүк жөнелтілді, енді биылғы жоспар бойынша 5 млн 909 мың тонна жүк жөнелтуіміз керек. Соның ішінде ТМТМ басым бағыты бойынша жүріп жатқан контейнерлік жүк жөнелту. Былтыр тиегеніміз 63 мың ЖЭФ контейнер болды. Бүгінгі таңда 93 мың контейнерді тиеуге мүмкіндік бар.
Жылыту маусымына дайындық қызу
Үкімет мүшелері өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Әсіресе Ақтауды ауыз су, ток және жылумен қамтамасыз етіп отырған «МАЭК» кәсіпорнының алдағы жылыту маусымына дайындығы егжей-тегжейлі пысықталды.
Ерболат Ибрагимов, «МАЭК» серіктестігі бас директорының орынбасары:
- Жоспарлы жөндеу жұмыстары кестесіне сәйкес 2026 жылы төрт қазандық-агрегатының және 3 турбо-агрегатын жөндеу жұмыстары қарастырылған. Қазіргі таңда 3 қазандық-агрегаттың және 1 турбо-агрегатын жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Ертеңнен бастап қаланың магистралдық және шағын ауданішілік жылу құбырларының гидравликалық сынақтары жоспарланып отыр. Жылыту маусымын бастауға кедергі келтірмейді.
Өңірге серпін беретін маңызды жобалар
Үкіметтік делегация Ақтау халықаралық әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы, «Нұр» санаторлық-сауықтыру нысаны және «ҚазАзот» зауытының өндіріс көлемін арттыруға бағытталған аммиак-карбамид кешені жобасымен танысып, қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылыс алаңында болды. Биыл қараша айында іске қосу жоспарланған Маңғыстау және Бейнеу теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Сапар қорытындысында стратегиялық жобаларды өз мерзімде және сапалы іске асыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Кендірлі #әуежай #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz