Елде «стейблкоин» ресми төлем құралы ретінде заңдастырылып, экономикаға енуі мүмкін. Ол үшін стейблкоинды елімізде шығару көзделіп отыр.
Мұндай шара бизнес шығындарын азайтып, шетелге ақша аудару ісін жеделдетеді. Мұны іске асыруда Ұлттық банк цифрлық активтермен жұмыс істейтін компаниялардың аясын кеңейтуді көздеген. Бұған қоса, елде Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жоспарланды. Осы және өзге де маңызды бағыттар бүгін Үкіметте айтылған еді.
Стейблкоин – құны белгілі бір валютаға байланған цифрлық актив. Ол биткоин секілді криптовалюталарға қарағанда қатты құбылмайды. Мамандар тиімділікті байқап, оны елде ресми төлем құралы ретінде заңдастыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек, республикамызда Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру жоспарланды.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Қазақстанда шығарылған стейблкоиндерді пайдалану. Олар тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуде, экспорттық-импорттық операцияларда және трансшекаралық аударымдарда қолданылады. Бұл есеп айырысуды жеделдетіп, бизнес шығындарын азайтады. Ұлттық банктің жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру. Ол саясатты әзірлеу, лицензиялау, қадағалау, талдау және инновациялық жобаларды сүйемелдеу бағыттарын біріктіреді.
Еліміз нарықты жай ғана бақылап қоймай, осы бағытты дамытып, әлемнің алпауыт елдерімен теңесіп келеді. Кейінгі жылдары цифрлық активтерге қатысты заң қабылданды. Ал биыл Президент осы саланы дамыту бойынша Жарлыққа қол қойды.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- Жарлықтың негізгі мақсаты – цифрлық активтерді Қазақстанның реттелетін нарығына тарту. Біздің ұстанымымыз қарапайым. Тыйым салу емес, реттеу. Жарлықта үш негізгі бағыт көзделген. Бірінші, активтерді көлеңкелі нарықтан шығару. Екінші, салықтық ынталандыру. Жеке тұлғалар қазақстандық провайдерлер арқылы жүргізілген операциялар бойынша жеке табыс салығынан босатылады. Үшінші, пайдаланылмай жатқан ресурстарды цифрлық майнингке тарту. Бұл бағыт кен орындарында ілеспе мұнай газынан автономды түрде электр энергиясын өндіруді көздейді.
Цифрлық активтердің тағы бір үлкен жетістігі – цифрлық теңге. Ол – блокчейн технологиясымен жасалған ұлттық валюта. Оның көмегімен бюджет қаражатының әрбір тиыны қайда бағытталып жатқанын нақты көруге болады.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ержан Қанапияұлы, Сұлтан Қораз
Тегтер #стейблкоин #цифрлық активтер #төлем жүйелер #комитетPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz