Елде сапалы бидай, мол өнімнің бір бөлігі Қостанай облысында. Қазір орақ науқанын аяқтауға жақын. Биыл мұнда 4 млн гектар алқапқа бидай себілсе, соның 70 пайызы жиналды.
Басым бөлігі – сапасы жоғары үшінші сұрыпты бидай. Өңірде астық сақтау қоймалары да әзір тұр.
Бұл шаруашылықта орылатын егіннің 10%-ы ғана қалды. Диқандар жаңбырдан соң масақтардың кебуін күтіп отыр. Биыл олар дәнді алқаптың әр гектарынан 15 центнерден өнім алуды жоспарлаған. Айтуларынша, егіннің сапасы өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Оған жаз мезгілінің шуақты болуы әрі тыңайтқышты тиімді қолдану оң әсер етіпті.
Валентин Утеулин, шаруашылықтың атқарушы директоры:
- Биылғы астықтың сапасы да шығымының да жақсы болуы, бізді әрине қуантып отыр. Негізінен үшінші сұрыпты бидай ектік. Алқапты толық орып шығуға соңғы екі тәулікте толассыз жауған жаңбыр кедергі болды. Енді күте тұрудан басқа амал жоқ.
Әзірге облыс бойынша 3 млн 700 мың тонна астық жиналды. Зертханалық талдаулардың нәтижесі бидайдың 70 пайызға жуығының үшінші сұрыпты екенін көрсетіп отыр.
Гүлдарай Сейілханова, өндірістік-техникалық зертхана жетекшісі:
- Орылған астықтың қалған бөлігі төртінші және бесінші сұрыпқа жатқызылады. Биыл бидайдың шығымы әртүрлі, оған жауын-шашын мол түсуі себеп. Мысалы, ең жоғары ылғалдылық мөлшерін 18 пайыз дейтін болсақ, астықты кептіру арқылы 14 пайызға дейін түсіреміз. Себебі талаптарға сәйкес қоймада тек осындай күйде сақтауға болады.
Мамандардың мәліметінше, астық қабылдау орындары мен элеваторларда 8 млн 300 мың тоннаға дейін дәнді және майлы дақылды сақтауға болады. Қазіргі кезде Қостанай өңірінің оңтүстік аудандарында астық ең жоғары бағамен сатылуда. Мұндағы шаруашылықтардың дені егін жинау жұмыстарын аяқтаған.
Кенже Жұмандықов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Жангелдин ауданында егін жинау науқаны аяқталды. Амангелді және Арқалық ауданында, сондай-ақ Арқалық қаласында егістік жұмыстарының 90%-ы орындалған. Қалған аудандарда 70-80 пайызды көрсетіп отыр. Азық-түлік корпорациясы әзірге астық бағасын жариялаған жоқ. Десек те бидайдың бір тоннасы қазір 80-100 мың теңге аралығында сатылуда. Hi-Pro бидайына одан да жоғары баға ұсынылады.
Өңір дихандарына биылғы егін жинау науқанында жеңілдетілген бағамен 80 мың тонна дизель отыны берілген. «Астық бастыру жұмыстарын толық аяқтау үшін бізге кемі екі аптадай уақыт қажет. Ең бастысы, күннің шуақты болуы маңызды», - дейді шаруашылық иелері.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг, Сергей Хаймин
Тегтер #24KZ #егін орағы #астық сақтау #шаруашылық #диқан #дәнді дақылдар #алқапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz