Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 500-ге жуық өрт оқиғасы тіркелді. Оның жартысынан астамы жеке тұрғын үй секторында шықты. Тілсіз жаудың шығуына көбіне электр желілері мен газ қазандықтарындағы ақау себеп.
Сондықтан құтқарушылар алдын алу шараларын пысықтап, жылыту маусымына әзірлікті тексеруге кірісті.
Дәулеткерей көшесіндегі ескі үйлердің бірін мекендейтін Татьяна Клеменко бүгін құтқарушыларды қуана қарсы алды. Осыдан екі апта бұрын үйіндегі газ шлангісін өз күшімен алмастырған. Бірақ дұрыс орнатпаудың кесірінен газ кеткен. Иісті уақытылы аңғарғаннан аман қалды.
Татьяна Клеменко, қала тұрғыны:
- Осы жерде отырғанбыз. Балам иісті байқап қалды. Дереу 104-ке қоңырау шалдық. Апатты құтқару қызметкерлері келіп қарап, қай жерден газ кетіп тұрғанын анықтады. Енді бүгін келіп, белгі беретін қондырғыларын орнатып кетті.
Жыл басынан бері облыста 500-ге жуық өрт оқиғасы тіркелді. Оның басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде болған. Сондықтан қазір құтқарушылар жылыту жабдықтарын тексеріп қана қоймай, аса қажетті жерлерге дабылқаққыштар орнатуда. Облыс бойынша 601 отбасыға мұндай құрылғы қажет.
Нұралы Мұсиев, ТЖД бастығының орынбасары:
- Солардың 263 отбасыға қазіргі таңда улы газ датчиктері орнатылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. Жергілікті атқарушы органдар бар, демеушілер бар, солардың тарапынан датчиктерді сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Толықтай 100 пайызға жеткізетін боламыз осы бағыттағы жұмыстарды. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Газбен жылыту жабдықтарының жарамдылығын бақылау – жылыту маусымының басында өте маңызды. Өткен қыста облыста тоғыз оқыс оқиға болған. Бес адам газбен, түтінмен уланса, тағы төрт жағдайда газ-ауа қоспасы жарылған.
Дулат мақатов, газбен қамту мекемесінің өкілі:
- Бұл фактілердің қайталану себебі – тұрғындардың газ құрылғыларына немқұрайлы қарауы, техникалық көмек көрсету келісім шартын жасамау. Сондықтан бұл фактілердің алдын-алу үшін біз қарапайым газды пайдаланған кезде техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтап, осы жылыту маусымына дайындығымызды пысықтауымыз керек.
Өңірде көгілдір отынды пайланатын 130 мыңдай абонент бар. Жылыту маусымы кезіндегі олардың қауіпсіздігі басты назарда.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов, Қалыбек Ақрап
Тегтер #24KZ #Орал #жеке үй #өрт қауіпсіздігі #тексеру #жылыту маусымыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz