RU
Толық нұсқаға өту
фото: ҚР Құрылтайы

Студенттер жатақхананы онлайн алуы мүмкін: депутат бірыңғай платформа құруды ұсынды

16.09.2026, 12:01 44

 «Respublica» партиясының депутаты Нұргүл Тау студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды. Бұл туралы ол Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды 24KZ.

Депутаттың айтуынша, платформа «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеуі керек. Студенттер жүйе арқылы жатақханаға өтініш беріп, электронды кезегін бақылап, бос орындарды көріп, онлайн брондау және цифрлық келісімшарт рәсімдеу мүмкіндігіне ие болуы тиіс.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сәйкес, 2023–2025 жылдары елде 31 463 орынға арналған 113 жатақхана пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде 2026 жылы жатақхана тапшылығы 7,5 мың орынға дейін қысқарған.

Мәселенің ендігі кезеңі тек жаңа ғимарат салумен шектелмеуге тиіс. Енді студенттің жатақханаға қалай қол жеткізетіні, кезектің қаншалықты ашық жүргізілетіні және әр орын туралы ақпараттың қаншалықты қолжетімді екені маңызды, - деді Нұргүл Тау.

Ұсынылып отырған платформада жатақхана орындарын бөлудің ашық алгоритмі енгізілуі керек. Заңнамада белгіленген әлеуметтік басымдықтар автоматты түрде ескеріліп, қағазбастылық азайтылуы ұсынылды. Сонымен қатар дербес деректерді қорғау, қабылданған шешімдерді тексеру және шағымдану мүмкіндігі қарастырылуы қажет.

Депутат Үкіметке:

  • 2026 жылдың соңына дейін жатақханаларды цифрландыруға арналған бірыңғай талаптар мен стандарт әзірлеуді;
  • 2027–2028 оқу жылы басталғанға дейін мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларын платформаға кезең-кезеңімен қосуды;
  • жатақхана орындарын бөлуде әлеуметтік басымдықтарды ескеретін ашық алгоритм енгізуді;
  • өңірлер мен оқу орындары бойынша студенттердің жатақханаға қажеттілігін көрсететін бірыңғай дерек қалыптастыруды;
  • электронды кезек, онлайн брондау, цифрлық келісімшарт және бос орындар туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде көрсетуді;
  • платформаны eGov жүйесімен интеграциялауды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, мұндай жүйе жатақхана бөлу процесін ашық етуге және студенттер үшін оны барынша түсінікті әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz