RU
Толық нұсқаға өту

Елде бос орындардың 40%-ға жуығына сұраныс жоқ

16.09.2026, 13:50 43

Елімізде жұмыссыздық бойынша төлем үш айға дейін қысқарады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ережені өзгертпек. Жаңа тәсіл алдымен пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізіледі.

Ол бойынша енді екі қолға бір күрек іздегендерге жұмыссыз мәртебесін бермес бұрын лайықты қызмет іздеу мерзімі қазіргі 2 аптаға дейін ұзарады. Осылайша, үкімет жұмыссыздықпен күресті күшейтіп отыр. Министрлік қазір елде 845 мыңнан аса ваканция бар екенін мәлімдеді. Ал алдағы 10 жылда Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет. Олардың 1,8 млн-ы жұмысшы мамандықтары. Бос жұмыс орны көп, ниет білдірушілер неге аз. Еңбек нарығындағы тапшылық қалай жойылмақ. Әріптесім Кәмшат Мұхамеджан сауалдарға жауап іздеп келді.

Арман қуып Астанаға келген көп жастың бірі – Дариға. Алайда елордаға жасаған алғашқы қадам ойлағандай оңай болмады. Жұмыс іздеп жүргеніне біраз уақыт өтсе де, тұрақты қызмет табылмады. Бүгінге дейін оқыған бағыты бойынша еңбек етсем деп талай есікті қақты. Бірақ құлықты жастың жолын тәжірибенің жоқтығы байлайды. 

Дариға Жәнібек, Астана қаласының тұрғыны:

- ЕҰУ-дің «Жылу энергетика» мамандығында оқыдым. Іздедім, сұрастырдым. Бірақ көп жерде тәжірибе сұрайды. Оқуды бітірген соң, бізде тәжірибе жоқ. Астанада бәсекелестік көп болған соң, бос орындар аз. Табу қиын. Көп жер тек тәжірибелі мамандарды ғана алады. 

Дариғаның жағдайы – жастар арасындағы жұмыссыздық түйткілінің бір ғана көрінісі. Жоғары оқу орнын енді тәмамдаған, мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ жас үшін еңбек нарығына ену оңай емес. Біліктілігің болмаса қатарлы қызметке келе алмайсың дейді. Жалақы жағдайы да мәселенің шетін шығарып тұр. Екі қолға бір күрек іздегеннің көбі қазір аз-мәз ақыны місе тұта бермейді. Ресми деректі сөйлетсек, жыл басынан бері елде 1 млн 200 мыңнан аса түйіндеме таратылыпты. Жұмыс іздеушілердің дені – 35 жасқа дейінгі азаматтар. 

Асқарбек Ертаев, ҚР ЕХӘҚ министрі:

- Жыл басынан бері Enbek.kz жүйесінде 840,6 мың бос жұмыс орны жарияланды. Оның 432 мыңы – жұмысшы мамандықтар. Жалпы азаматтар осы портал арқылы 60-70 пайыз жұмыс табады. Бірақ 30-40 пайыз жұмыс орын толықтырылмай жатады. Сол үшін жұмыс берушілер шетел жұмысшыларын тартады. Жыл сайын елге 300 мың шетел азаматы жұмыс істеуге келеді. 

Қазақстандықтар қара жұмыстан қашады. Сондықтан жыл сайын біздің елге  шекара асып 300 мың шетел азаматы келеді екен. «Өзгеден бұрын өзімізді жарылқаудың жолын қайта қарап жатырмыз», - деді сала министрі. Білек сыбана кіріскен алғашқы бағыт – нарық нақ мұқтаж боп отырған мамандарды шығару. Қазір бізде қос салада кадр қат. Құрылыста 102 мың, ауыл шаруашылығына 73 мың маман тапшы. Екеуінде де ақы аз демейді. Онда неге жастар келмейді?

«Дарыдай дипломды құлшынып құшағына алған жас қолына тырма ұстап, тірлік қылуға құлықсыз», - дейді сарапшы. Көптің қалауы қазір бірден жылы орын, жоғары жалақы деп кейіді. Бұл пікірмен сала министрі де келіседі. Ертаев еңбек нарығындағы сәйкессіздікті жоюдың жолын қарастырып жатырмыз деп сендірді. 

Асқарбек Ертаев, ҚР ЕХӘҚ министрі:

- Электрондық еңбек биржасында орналастырылған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарға тиесілі. Негізгі міндет – сұраныс қалыптастыру емес, кадрларды даярлау деңгейінің экономиканың қазіргі және болашақтағы қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету. Ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және IT саласында қалыптасқан.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші: 

- Таныс-тамырсыз, тиын-тебенсіз жұмысқа тұру қиын деген пайым қазір ескірген. Білімің мен қабілетін қатар ұштасса, кез-келген қызметте орын табуға болады. Ақысын бермесең, табалдырық аттатпайды деп жоғары қызметке мастанатын сәтті күтіп жастанатын кез де емес. Ақшасы аз болса да, төменнен бастап көру керек. Себебі өмір кино емес. Қиын, ұзақ, бірақ өзіңе сен өзіңді алып шығар. Еңбегің мен ақылың екі жақтап. 

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Нұрғали Мамырбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz