RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда 15 мыңға жуық адам тазалық талаптарын бұзған

16.09.2026, 15:30 48

Түркістан облысында көшеге қоқыс тастап, қоғамдық орындарды ластайтындар азаяр емес.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде осындай құқықбұзушылық жасаған 15 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстау үшін Жедел басқару орталығының мамандары бейнебақылау камераларын тұрақты түрде бақылап отырады. Қоқыс тастап, айналаны ластаған тұрғындар анықталған жағдайда, полицейлер олардың мекенжайын белгілеп, тиісті шара қолданады.

Бұл – Отырар шағын ауданындағы №10 учаскелік полиция пункті. Мұнда тәртіп сақшылары бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындарға бақылау жүргізді. Жол-жөнекей қолындағы қоқысы мен темекі тұқылын тастағандар бірден камераның обективіне ілінді. Полиция қызметкерлері дереу оларды бөлімшеге жеткізіп, хаттама толтырды. Бұлтартпас дәлел болғандықтан тәртіп бұзғандар өз қателіктерін түсініп, мойындамасқа амалы қалмады.    

- Темекі шегіп белгіленбеген жерге тастадым. Өз кінәмды мойындаймын. Бұл іс-әрекетім дұрыс болмады. Теріс қылық жасадым. Қаланы таза ұстау – барлығымыздың міндетіміз. Тазалықты әркім өзінен бастауы керек. Қала тұрғындарын тазалық сақтауға шақырамын.

- Бүгін біз қателік жасап қойдық. Темекі тұқылын жерге тастадық. Сол үшін біз кешірім сұраймыз. Біз енді бұны қайталамаймыз, тазалықты сақтаймыз. Басқа тұрғындарға да айтарымыз, тазалық сақтап жүріңіздер дейміз. Қазақстан таза болуы керек.

Тәртіп сақшылары құқықбұзушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Президенттің «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру тазалық пен жауапкершіліктен басталатынын жеткізді. 

- Темекі тұқылы, коммуналдық қалдық, мысалы жерде жатса алып, мүмкіндік болса, урналарға тастағандарың абзал. Сіздерден сұрайтынымыз тек қана тазалықты сақтауымыз керек. Еліміздің көркеюі, өсіп-жетілуі өздеріңе байланысты.

Полиция инспекторлары тұрғындар негізінен үйден шығатын күнделікті қарапайым тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға апарып тастауға ерінетінін айтады. «Одан бөлек, абаттандыру қағидаларын бұзатындар да жиі кездеседі», - дейді. 

Ұлан Қойшыбаев, қалалық Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы:

- Қоғамдық орындарды ластаған 599 азаматқа және 505 бабпен 1630 адамға жауапкершілік қаралды. Оның ішінде жыл басынан бері қоғамдық жұмысқа 12 азамат тартылды. Аталған бабтар бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қаралған. 505 баб бойынша ескерту немесе жеке тұлғаларға 20 АЕК, ірі кәсіпкерлік субектілерге 150 АЕК көлемінде айыппұл қаралған.

Ал Түркістан облысы бойынша жыл басынан бері тазалық талаптарын бұзған 14 мың 932 адамға әкімшілік шара қолданылған.

Әлихан Әлентаев, ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:

- Оның ішінде ортақ пайдаланатын орындарды ластағаны үшін 6415 тұлға соттармен әкімшілік жауакершілікке тартылып, 630 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылды. Қалалар мен елді мекендерде абаттандыру талаптарын бұғаны үшін 8517 тұлғаға шара көрілді. Бейнебақылау камераларының көмегімен 4327 тұрғын анықталып, тиісті әкімшілік шара қабылданды.

Шара барысында тәртіп сақшылары тұрғындарға қоғамдық орындарда тазалық сақтап, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды және абаттандыру талаптарын бұзбауды ескертті. Тазалық пен тәртіп ортақ жауапкершілік екенін түсіндірді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz