Қазақстан балалардың құқығын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіруге дайын.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне елімізде жүргізіліп жатқан жүйелі реформа нәтижелерін таныстыру барысында осылай деді. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 6,9 млн бала бар. Бұл ел халқының 34%-ы. Олардың құқықтарын, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елімізде 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ тәулік бойы «111» мемлекеттік байланыс орталығы жұмыс істейді. Бүлдіршіндерді мекемелерде тәрбиелеуден отбасылық тәрбие нысандарына көшуге ерекше мән беріледі. Бүгінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленуде. Бұдан өзге жиында «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары аясында Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарынан қайтарылған 572 баланы оңалту және реинтеграциялау жөніндегі Қазақстанның тәжірибесі қаралды.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың іргелі реформаларының негізінде балалардың құқығын қорғау, оларға білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқығын қорғау, сонымен бірге буллинг секілді заңсыз контенттен қорғауға байланысты көптеген жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Бүгін халықаралық деңгейдегі сарапшылар осы қабылданып жатқан бағдарламалардың тиімділігін ерекше атап өтті.
Тегтер #бала құқығы #ұлттық жүйе #реформаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz