Заманауи технология дамыған сайын тіл үйрену қиын емес.
Тек ынта болса болғаны. Ұлты орыс кентаулық мұғалім қазақ тілін жетік меңгеріп қана қоймай, шәкірттеріне ұлттық құндылықтарды насихаттап жүр. Түркістанда тұратын полиция инспекторы да қазақша еркін сөйлейді. Бұл менің парызым, дейді ол.
Иә, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері көбейді. Олар "тілге құрмет-елге құрмет" деген ұстанымда.
Светлана Литвинюк Түркістанда туып-өскен. Ұлты беларусь. Қазақ тілін кішкентай кезінде аулада балалармен ойнап жүріп үйреніп алған. Отбасында тек қазақ тілінде сөйлейтін шенді ару мемлекеттік тілді білудің артықшылығы көп екенін айтады. Өзінің қазақ тілін білгенін мақтаныш емес, парыз деп қабылдайды.
Светлана Литвинюк, қалалық полиция басқармасы талдау және жоспарлау тобының аға инспекторы:
- Қазақстанда тұрып жатқаннан кейін, осы жақтың нан жеп жатқаннан кейін әрбір ұлт қазақ тілін білуге міндетті деп ойлаймын. Мысалы, Ресейге барсаң орысша білуің керек, Францияға барсаң французша білу керек. Тура сол сияқты Қазақстанда жүрсің бе, қазақ тілін білу керек.
Ал Талдықорғанның тумасы Елена Стребкова бүгінде Кентау қаласының тұрғыны. Мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарында дәріптеп жүр. Орыс қызы қазақтың келіні атанып, ата-енесіне қызмет жасауда.
Елена Стребкова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
- Мен ата-енеммен тұрып жатқаныма 12 жыл болды. Өзіме жақыны сәлем салу. Күнделікті таңертең сәлем саламын. Салған сайын ата-енем бата береді. "Бақытты бол", "бай бол", "ұл тап", "қыз тап", "өмірің ұзақ болсын" деген баталар өзіме жақын. Жұма сайын немесе бейсенбілікте жеті нан пісіреміз, үйден иіс шығармыз. Бешбармақ пісіреміз, өзім қазы істегенді жақсы көремін.
Елена қазіргі дамыған заманда ынта болса, тілді үйрену оңай екенін айтады. Өзі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен бөлек ешқандай курсқа қатыспай-ақ араб тілін меңгеріп алған. Өзіңнің тұрып жатқан еліңе, оның тілі мен дәстүріне құрметпен қарасаң, тілін үйрену қиындық тудырмайды дейді.
Елена Стребкова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
- Қазіргі заманда телефон бар, гаджет бар, бәрін қолданып қазақ тілі оңай, өзіңнің мемлекетің болғандықтан мәтіндер, сөйлемдер жиі естіледі құлақпен үйреніп қалғансың, дыбысты да дұрыстап шығаруға болады.
Светлананың да, Еленаның мақсаты - қазақ тілінің қоғамдағы беделі одан әрі арттырып, қолданыс аясын кеңейте түсу.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #тіл үйрету #құрмет #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz