Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне балалардың құқықтарын қорғау саласындағы реформалар туралы есеп берді, деп хабарлайды «24KZ».
Женевада БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 101-сессиясы өтіп жатыр. Онда Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенция ережелерін орындауы жөніндегі біріктірілген бесінші және алтыншы мерзімді баяндамалары қаралды.
Қазақстан делегациясын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова басқарды. Кездесуде балалардың қауіпсіздігі, білім алуы, денсаулығы мен әлеуметтік қолдауы, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ жиында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру, инклюзивті білім беруді дамыту, балалардың шешім қабылдауға қатысуы және цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау шаралары таныстырылды. Жетім балаларды отбасыларға орналастыру мәселесіне де назар аударылды. Қазіргі уақытта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленуде.
Қазақстанда 7 млн-ға жуық бала тұрады. Бұл ел халқының шамамен 34%-ын құрайды.
Біз үшін тиімділіктің басты өлшемі – әрбір баланың жағдайының нақты жақсаруы. Қазақстан мазмұнды диалогқа және балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамытуға ашық, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz