Елде азық-түлік, дәрі-дәрмек және арнайы жылу режимін қажет ететін жүктерді тасымалдау жүйесі жетілдіріледі.
Бұл мәселе елордада өткен салқын тізбекті жеткізуді дамыту жөніндегі стратегиялық дөңгелек үстелде талқыланды. Қазақстан мен Жапония көлік-логистика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыра бастады. Тараптар өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Токиоға ресми сапары кезінде бекітілген келісімдерді жүзеге асыруға кірісті. Жапондық Yamato Group компаниясының тәжірибесі осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік береді. Енді арнайы температуралық режимді қажет ететін жүктерді жерүсті көлігімен жөнелту тәртібі біріздендіріледі.
Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті тасымалдауда уақытпен қатар, арнайы жылу режимін сақтау да маңызды. Елде биыл мамырдан бастап мұндай жүктерді жөнелтуде бірыңғай талаптар бекітілді. Бұл тізім жүкті қабылдау, тасымалдау, сақтау, қайта тиеу және температураны бақылау тәртібін қамтиды.
Әсел Жанасова, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:
- Салқын тізбек – бұл тек тасымалдау мен сақтау мәселесі емес. Бұл азық-түлік пен дәрілік заттардың сапасы, экспортты дамыту және қазақстандық өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуы. Біздің міндетіміз – заманауи инфрақұрылым мен бірыңғай стандарттардан бастап, жеткізудің барлық кезеңіндегі цифрлық мониторингке дейінгі тұтас жүйені қалыптастыру. Қазақстан қажетті нормативтік негізді қалыптастырып қойды. Енді бизнес және халықаралық серіктестермен бірлесіп, оның іс жүзінде қолданылуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл бағытта Жапония мен Yamato Group тәжірибесі біз үшін үлкен қызығушылық тудырады.
Қазақстан бұл бағытта Жапонияның тәжірибесін пайдаланбақ. Күншығыс елінің ірі логистикалық операторларының бірі – Yamato Transport. Компания жүз жылдан астам уақыт бойы температуралық режимді қажет ететін жүктерді жеткізумен айналысады. Жапониялық мамандар қазақстандық әріптестеріне логистика, қойма және кедендік рәсімдерді ұйымдастыру тәжірибесін таныстырды.
Кацухико Умэцу, «Yamato Transport» компаниясының атқарушы директоры:
- Біз Қазақстан мен Жапонияның халықаралық нарыққа шығуына жағдай жасайтын ортақ платформа құру мүмкіндіктерін талқыладық. Бұл ретте инфрақұрылыммен қатар, тасымал бағыттарын жоспарлау және халықаралық талаптарға сай жұмыс істеу маңызды. Бұдан бөлек, логистика саласын цифрландыру мәселесі де қаралды. Бұл трансшекаралық тасымалды тиімді ұйымдастыруға жол ашады. Біздің мақсатымыз – Қазақстан арқылы Орталық Азия нарығына шығу және осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту.
Бұдан бөлек, Қазақстанда өңірлік логистикалық хаб құру жоспары бар. Ол ішкі жүк ағынын Орталық Азияның халықаралық бағыттарымен байланыстырады. Мұнда тауарды қабылдау, сақтау, ішкі нарықты қамту және экспортқа жөнелту тетіктері жолға қойылады. Жаңа жүйе температуралық режимді қажет ететін жүктерді жеткізуді жеңілдетіп, елдің өңірлік логистикадағы рөлін арттырады.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ержан Рахманбердиев
Тегтер #жүк тасымалдау #Жапония #тәжірибе #азық түлікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz