RU
Толық нұсқаға өту

Жұмыс орындары бос тұр: еңбек биржасындағы сұраныс пен ұсыныс неге сәйкеспейді?

18.09.2026, 18:54 59

Елде кадр жетіспейді. Электронды еңбек биржасындағы жұмыс орындарының 40 пайызы бос тұр. 

«Бұл маман тапшылығымен қатар жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы талап-тілектердің алшақтығынан», - дейді мамандар. Жалақысы төмен, жүктемесі жоғары жұмысқа жұрттың барғысы жоқ. Ал екінші тарап қызметкерлердің қалауындағы айлықты төлеуге құлықсыз көрінеді. 

Жыл басынан бері еңбек биржасында 845 мың жұмыс орны жарияланған. Хабарламалардың 60-70 пайызын қажетті қызметкерлерін тапса, қалған 30-40 пайызы бос тұр. Әсіресе жұмысшы мамандық иелері қат.

Дмитрий Шумеков, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон процестерін талдау және еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры:

- Бізде белгілі бір кадр тапшылығы бар деп тура айтуға болмайды. Көп жағдайда жұмыс берушінің талаптары мен еңбек ұсынысы бір-біріне сәйкес келмейді. Яғни еңбекақы деңгейі бойынша айырмашылық болуы мүмкін, белгілі бір еңбек жағдайлары талап етілуі мүмкін немесе үміткердің біліктілігі талапқа сай келмеуі ықтимал. Ақыр соңында, бос жұмыс орны Шығыс Қазақстанда орналасып, ал жұмыс іздеуші Маңғыстауда немесе Таразда болуы мүмкін.

Яғни бос орын да, екі қолға бір күрек іздеген қараша да көп. Дей тұрғанмен, нарықта қызметкердің қалауы мен жұмыс берушінің жүктемесі тоғыспай тұр. Сұраныс пен ұсыныс сай емес.

Сара Сәрсен, HR сарапшы:

- Қазір жұмыс берушілердің көпшілігі бір адамнан бірден бірнеше міндетті атқара алатын, бір-бірімен мүлде байланысы жоқ сан алуан дағдыларды меңгерген әмбебап маманды іздейтін сияқты. Жұмыс берушілер қызметке қойылатын талаптарды барынша нақты тұжырымдаса екен дейміз.

Жалақысы жүктемесіне сай болғанымен кейде қызметкерлердің біліктілігі талапқа қырын келіп қалатын кездер де болады екен. Мұндайда жұмыс берушілер еңбек мигранттарының күшіне сүйенеді. Министрліктің мәліметіне мән берсек, жыл сайын 300 мың шетел азаматы елге еңбек етуге келетін көрінеді.

Дмитрий Шумеков, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон процестерін талдау және еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры:

- Біздің түсінігіміздегі шетелдік жұмыс күші – жоғары білікті мамандар. Бұдан бөлек, маусымдық жұмысшылар, бизнес-эмигранттар және еңбек мигранттары бар. Ал шетелдік жұмыс күшіне келсек, жыл басынан бері 27 мың рұқсат берілді. Алайда бұл жекелеген компаниялар үлесінде.

Ал жауаптылар саладағы сәйкессіздік салдарымен күресу үшін кадрларды қайта даярлауға ден қойған екен. Skills Enbek платформасында жыл басынан бері 100 мыңға жуық адам жаңа кәсіп меңгерген. Әсіресе жұмысшы мамандарды даярлауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл бұл бағытқа бюджеттен 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Нұрсая Эльбрусова, Ержан Қанапияұлы, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz